Оның айтуынша, сонау 90-жылдары, азаттықтың алғашқы жылдары Назарбаевпен жағаласып, жер тепкілеп жүріп Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдатқан адам осы – Шаханов.
«Бертінге шейін қоғамның назарын қазақ тілінің мүшкіл жағдайына аударып, бұның қандай ұлттық трагедия екенін айта жүріп оған халықты сендіре білді деп санаймын», – дейді Олжас Әбіл.
Автор өз ойын былайша тарқатыпты.
Ауғанстандағы хазарлар – ана тілінен айырылып қалған халық. Қазір бұлар парсының дари диалектісінде сөйлейді.
Бұрын бұлардың тілі біздің қазақ тіліне ұқсас болыпты. Бұлардың бүгінгі сөздік қорында «апа», «жеңге», «көке», «нағашы» сынды біраз туыстық атаулар сақталып қалыпты. Тағы біршама бізге ұқсас сөздері бар екен, бірақ бұлар оның не мағына беретінін білмейді екен.
Бір хазар бұлақ маңына келіп «бізде мына суды бұлақ деп атайды, бірақ бұлақ деген сөздің не мағына беретінін білмейміз, бұл көне сөз» дейді.
Бұл бейбақтар қазір парсыша сөйлейді, тілден айырылған, өткен тарихын да білмейді, түрлері парсыға ұқсамаса да «біз парсымыз» деп іштері Иранға бұрады екен, бұларды кәдімгідей өткенінен ажырап, мәңгіріп қалған халық десе де болады. Ғалымдар келешекте бұл халықтың түп-тамырын қазбаласа, бұлардың түбі бізге кеп тіреледі, оған еш күмәнім жоқ.
Ұлттық сана, сезім деген нәрсе бұларда атымен жоқ. Саналары тайпалық деңгейде қалып қойған. Әр төбенің астында бір тайпа – екі ру отырады. Рулары да бізге ұқсас, шежіресі мен өзге салттары да бізге келеді. Бірақ бұларда тіл кеткесін бәрі кеткен ғой, бұлар енді – парсылар.
Ресейдегі хакастар да тілден ажырап қалған халық (суретте), буряттар да сондай екен. Бұл байғұстарды (буряттарды) қара орыс десе де болады.
Ат-есімдері кәдімгідей орысша, жандары, ділдері орыстанып кеткен. Барын салып орекеңе адалдығын дәлелдеп келеді.
2014 жылы Украинада Қырым жанжалы басталғанда, күллі әлем осы буряттардың Ресей үшін қолдарына қару алып, Украинаға қарсы аттанғанына куә болды, қара ивандар орыс үшін қаздай тізіліп соғысқа кетті. Бұларда да тіл кеткесін оның артынан бәрі кеткен.
Бақсам, тіл деген шіркін, ұлттың ең асыл құндылығы екен. Маңызы, мән-мағынасы, рухани шекарасы екен. Оған көзім жетті.
Меніңше, совет заманында өшіп бара жатқан, аянышты жағдайға жеткен қазақ тілін жаңғырту үшін Мұхтар Шаханов бастаған ұлтшыл қауым үлкен еңбек сіңірді.
Шаханов сонау 90-жылдары, азаттықтың алғашқы жылдары Назарбаевпен жағаласып, жер тепкілеп жүріп Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдатып қана қоймай, Мұхаң кем дегенде бертінге шейін біздің қоғамның назарын қазақ тілінің мүшкіл жағдайына аударып, бұның қандай ұлттық трагедия екенін айта жүріп, оған халықты сендіре білді деп санаймын.
Арсың-гүрсің етсе де, ол бар қолынан келген нәрсесін істеді.
Соның нәтижесінде бүгінде жаңа жастар толқыны қалыптасып қалды, ал олардың арасынан шығып билік басына келетін келешек жас ұлтшыл басшы, биліктегі алғаш атқаратын шараларының алды неден басталатынын тас түйін біліп отыр.
Сол Шаханов кеше Аман Тасығанға сұхбат беріп отыр: «Әпкем ауру, пенсиям ештеңеге жетпейді» дейді, аяп кеттім.
Ал ана кеше келген Біләш дегендер тіпті оған қарап шаптырды, оның артындағы тобы сол Мұхаңа қарап екіленіп, тебініп теріс қарап «тышты...». Ұят таза.
Менің пайымымша, қазақ тілі – бүгінгі қазақтың төлқұжаты, ал оның қолданушысы біздің қазақтілді қоғам, біздің мемлекетіміздің діңгегі.
Әрине, халық болғасын оның арасында «орыс болайық, түрік болайық, арап болайық» дейтін ешкілері, қашақтары болады, онсыз болмайды екен.
Бірақ меніңше, олардың басын қайырып, тезге салып отыратын орталық осы біздің қазақтілді орта екен, яғни ұлттың қорған иммунитеті де осы орта екен. Оны да түсіндім.
Біз келешекте қара басып тілден де, осы ортадан да айырылатын болсақ, әлгі хазар мен буряттың артынан кетеді екенбіз, таза мәңгіріп мелшиіп қаламыз. Оған түк те күмәнім жоқ.
Сондықтан біздегі әр қазақтілді қазақ іс жүзінде ұлттың ұйытқысы болады екен, біздің ұлттығымыз бен мемлекеттілігіміз соның үстінде тұр.
ОЛЖАС ӘБІЛ