Серік Жұманғарин: Қазақстан алдағы 5-10 жылда теміржол арқылы теңіздерге шығады

Кәмшат Тілеухан 24 қыр. 2025 12:10

Қазақстан алдағы 5-10 жыл ішінде мұхиттың арғы жағына кедергісіз жетуді жоспарлап отыр. Онда да мұны темір жолдың көмегімен жүзеге асырмақ. Мұндай батыл жоспарлар жайлы ел вице-премьері Серік Жұманғарин KGF-2025 форумында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz LS басылымына сілтеме жасап.

Ол Қазақстанның Түркіменстан арқылы өтетін осындай маршруты бар екенін, бірақ Иранның теміржол инфрақұрылымының мүшкіл күйі мен санкциялар оған кедергі келтіріп отырғанын баса атап өтті.

Сондықтан Серік Жұманғарин Қазақстанның Ауғанстан арқылы Пәкістанның теңіз порттарына салынатын жолға бәс тігіп отырғанын жеткізді.

Шенді мұхитқа жол болмайынша, көлік және мультимодальдық логистиканың шектеулілігіне байланысты елдің транзиттік дамуының кез-келген жоспарына күмән келтіруге болады деп санайды.

Айта кетсек, 2025 жылы 11 шілдеде Қазақстанның Ауғанстандағы темір жол құрылысына жарты миллиард доллар инвестиция құйғаны белгілі болды.

Бірінші кезеңде Түркіменстан мен Ауғанстан – Туругунди арасындағы шекара станциясынан Ауғанстанның Герат қаласына дейін теміржол желісі салынады.

"Әрі қарай жолды Гератқа дейін апаратын құрылыс компаниясына көбірек стейкхолдерлер тартылады. Біз оларға жаңа қаржыландыру көздері болуы үшін Таяу Шығыстағы серіктестер қосылғанын қалаймыз. ЕАЭО бойынша серіктестерді де тартамыз, өйткені бұл оңтүстікке апаратын бірден бір ең қысқа жол", – дейді Жұманғарин.

Вице-премьер Гераттан екі бағытқа тағы қатынауға болатындығына назар аударды. Оның ішінде Пәкістан арқылы Карачи портына дейін (шамамен 500 км), сондай-ақ жаңадан құрылған Чабахар портына (Иран) да баруға болады. Шенеунік бұл жобаны Қазақстан үшін өте тиімді екенін айтады, өйткені бұл - теңіздерге жеткізетін ең жылдам бағыт.

"Бізге теңіздерге, порттарға апаратын жол керек. Бұл өте маңызды. Біз онсыз тұншығып жатырмыз. Әрі қарай даму туралы айту қиын. Сондықтан біз бұған ерте ме, кеш пе келеміз, менің ойымша, біз мақсатымызға жақын болашақта жетеміз", - деп сендіреді Жұманғарин.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард долларға жуық келісімге қол қою рәсімі өткені белгілі. Құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар