ҚТЖ: Тоқаев АҚШ-тан инвестиция әкеле жатқанда ҚТЖ-ға қомақты айыппұл салынды

Dalanews 23 қыр. 2025 11:56

Мемлекет басшысының Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард долларға жуық келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған. Ең бастысы, теңіздің арғы жағында кеше түнде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен өткен іскерлік кездесулер мен келісімдер арасында АҚШ президенті Дональд  Трамп тура осы шараға ерекше көңіл бөліп, дән риза болғанын баса айта кетелік, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тіпті, АҚШ басшысы Тоқаевты осы ірі келісімге қол жеткізуімен құттықтап, желіде де жазба жариялады.

"Мен жаңа ғана Қазақстанның құрметті президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен әңгімелесіп болдым. Олар құны 4 млрд доллар болатын американдық локомотивтер мен теміржол жабдықтарын қамтитын тарихтағы ең ірі келісімге қол қойды. Біз көптеген жылдар бойы "жалған экологтардың" шабуылына ұшырап келген АҚШ-тағы теміржол саласын қолдауымыз керек. Тоқаевты осы ірі келісімге қол жеткізуімен құттықтаймын. Бұл ел де және бүкіл әлем де сенімді және әдемі теміржолдардан тұрады. Енді олар қайта келіп жатыр, онда да тез!", деп жазды Трамп Truth Social-дағы парақшасында.

Айта кетсек, көлік технологиясы бойынша әлемдегі көшбасшы компания еліміздің теміржол саласын жаңғырту ісінде негізгі серіктестеріміздің бірі саналады. 2009 жылдан бері Астанада Wabtec Kazakhstan локомотив құрастыру зауыты табысты жұмыс істеп келеді. Осы аралықта компания өндіріске 230 миллион доллардан астам инвестиция құйды. Кәсіпорын бүгінге дейін “Қазақстан темір жолына” және экспортқа арналған 600-ден астам локомотив құрастырды. Өндірістің локализация деңгейі 45 пайызға жетті. Ал былтыр шілде айында Wabtec компаниясы елімізде инновацияларды енгізіп, кадр даярлауға үлес қосатын технологиялық және инженерлік орталығын ашты.

Өкінішке қарай, Мемлекет басшысының, Үкіметтің, "ҚТЖ" ұлттық компаниясы басшылығының осындай кең көлемді әрі маңызды ұмтылыстары мен әрекеттеріне қарамастан еліміздегі бұл саланы жоғары тиімді сапаға жеткізе алмай жатқан жайымыз бар. Аталған сүйінші жаңалықтар аясында, мәселен, кеше "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1,42 млрд теңге айыппұл салынғаны белгілі болды. Бұл реттегі тергеп-тексеруге отандықтан бөлек, көрші елдің де (Қырғызстан) бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялары тарапынан келіп түскен өтініштер негіз болған. Оның нәтижесінде "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу барысында аффилиирленген компанияларға – "KTZ Express" АҚ және "КедентрансСервис" АҚ-ға артықшылық беріп, жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер жасағаны анықталды. Аталған әрекеттер "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланды. Бұл тек бір ғана жайт. Қырғызстаннан бөлек, Ресей, Беларусь, Өзбекстанның да жүк жөнелтушілері тарапынан да осы сипатта жиі шағымдар келіп түсуде. Олар жүктерін уақтылы жөнелте алмайтынын, қызмет көрсетуден бас тарту себептерін түсіндірмейтінін, салдарынан уақыт жоғалтып, қыруар шығынға бататындарын айтады. Бұл жайтты өткен жылдары бір топ депутат (З.Кузиев, Е.Больгерт, Н.Ниязова, А. Сатыбалдиев, Г.Шиповских) Мәжіліс қабырғасында көтеріп, Үкіметке арнайы сауал да жолдаған. Онда "ҚТЖ-Жүк тасымалының" бүйрегі бұрып тұратын өз экспедиторлық компанияларына басымдық беретіні ғана емес, өзге де былық-шылықтары ашық айтылған. Мәселен, ҚТЖ жүргізген  424 қызметтің тек 81-ін ғана арнайы органмен келістіріп, жүзеге асырған, яғни бар қызметінің 19% ғана мониторингтен өткен.  Бұл экспорт тасымалында әділетсіз бәсекелестік қалыптастырып, магистралды желі қозғалысын тиімсіз жоспарлау мен басқаруға жол беру дегенді білдіреді. Мәселен,бір 2023 жылы жолда қалып кеткен құрама саны 400-ден асады екен. Міне, осының барлығы Қазақстанның транзиттік әлеуетінің тартымдылығына селкеу түсіріп, көрші елдерді басқа тасымал көзін іздеуге мәжбүр етуде.

Бұл реттте депутаттар мынандай шұғыл шараларды қабылдауды ұсынады:

  1. отандық жүк жөнелтушілер мен экспедиторлық компаниялар үшін экспорт пен транзит тасымалының негізгі және қосымша жоспарларын келісуде туындайтын кедергілерді жою;
  2. ҚТЖ-ны теміржол көлігімен жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы тасымалдаушылар мен экспедиторлар арасында үлгілік шарттар жасасуды қамтамасыз етуге міндеттеу;
  3. егер ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің тәуекелдерді басқару жүйесі транзиттік жүктерді тексеруді жүзеге асыру қажеттігін көрсетпеген жағдайда, заңды және жеке тұлғалардың жазбаша өтініштері бойынша транзиттік жүктерді тоқтату мүмкіндігін болдырмау бөлігінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу;
  4. осы салада жоғары бәсекелестік деңгейіне ие болуына байланысты квазимемлекеттік компаниялардың көлік қызметтерін көрсету нарығына ықпалын болдырмау мақсатында ҚТЖ - ның еншілес кәсіпорындары - "Кедентранссервис" АҚ мен "KTZ Express" АҚ-ны жекешелендіру мәселесін пысықтау.

Жалпы, саланы автоматтандыру деңгейі де төмен, салдарынан тасымалды ұйымдастыруды жоспарлау мен бақылау жағы әлі де кенжелеп келеді. Әрине, әлемдік деңгейдегі Wabtec секілді компанияларды тарту арқылы жақын болашақта мұндай техникалық келеңсіздіктерді еңсеруге болады деп сенеміз. Ал, ішкі басқару мен жоспарлауға қатысты реформаның жайы не болар екен?.. Әйтпесе, ҚТЖ-ның басты табыс көзі де осы жүк тасымалы болып табылады. Оған барлық табыстың 86%-ы тиесілі екенін еске сала кетелік.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар