Сенатор Маминге: «800 инфекционистің орны бос тұрғанын айтты»

Dalanews 10 қыр. 2020 09:27 875

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Сенат отырысында еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына медицина саласындағы өзекті мәселелер және оны дамыту туралы депутаттық сауал жолдады.

Сенатор өңірлерге сапары кезінде жергілікті жердегі денсаулық сақтау саласында шешімін таппай жатқан бірқатар күрделі мәселелердің бар екеніне көз жеткізіпті. Сондай-ақ, ол отандық медицина нарығы ауыр сынаққа төтеп бере алмағанын тілге тиек етті.

– Қаншама қабылданған шараларға қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі халық денсаулығын қорғауды дамытудың жүйелі жолын таба алмағаны түсініксіз, – деді М.Бақтиярұлы.

Депутаттық сауал барысында келешекте пандемия кезеңінде орын алған жағдайдан қорытынды шығарып, сала мамандарының пікірлері мен ұсыныстарын ескеру керек екені де айтылды.

Мұрат Бақтиярұлы отандық дәрі-дәрмектердің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі үлесі бар-жоғы 26 пайызды құрайтынын айтып, қалған 74 пайыз шетелдіктердің үлесінде екеніне баса мән берді.

Сонымен қатар медицина саласындағы маман тапшылығы да назардан тыс қалмады.

– Қазір емдеу орындарында 4 мың дәрігер жетіспейді. Әсіресе, реаниматолог, рентгенолог, пульмонолог, тағы басқа да осы сияқты салалалық мамандардың тапшылығы қатты білінеді. Тіпті, коронавирустың қаупі сейілмей тұрған ірі орталықтар мен өңірлердегі ауруханалар мен емханаларда 800-ден астам инфекционистің орны бос тұр, – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда дәрігер кадрларымен қамтамасыз ету қалалық жерде – 56,8 пайыз болса, ауылда бұл көрсеткіш 16,1 пайызды құрайды. Қазақстанда медицина мамандарын даярлайтын алты жоғары оқу орны бар. Ондағы салалық мамандар даярлайтын медициналық-профилактикалық факультеттер жабылып қалған. Факультет жабылғанымен, мамандардың қажеттігін өмір көрсетіп отыр.

– Ұлт денсаулығы – мықты мемлекет кепілі. Сондықтан адам денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, ажалға араша түсетін дәрігерлер қауымына арнап, «Дәрігерлер мәртебесі туралы» заң қабылдауды ұсынамыз, – деді М.Бақтиярұлы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар