Саф, таза болмысын сақтаған Сафекең

Dalanews 15 нау. 2022 09:22 1169

Жазушы Сафуан Шәймерденовтың туғанына 100 жыл!


 

Қазақ қаламгерлерінің арасында өзінің шығармашылығы мен азаматтық позициясына адал болып, қиын сәтте ұлт мүддесі үшін табандылық танытқан қаламгерлер көп болған емес. Десек те, өзінің ұстанымын бәрінен жоғары қойып, сыналар шақта азаматтық позициясынан айнымаған азаматтар болды. Солардың бірі һәм бірегейі жазушы – Сафуан Шәймерденов. Қаламгер Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде алаңға азаттықты аңсап шыққан қазақ жастарды жақтай сөйлеп, оларға араша түскенін ешқашан ұмытпаймыз. Қиын кезеңде жеке бастың амандығынан бұрын ұлт мүддесін жоғары қойған қаламгердің биыл 100 жылдық мерейтойын тойлайық деп отырмыз.

Сафуан Шәймерденов жайындағы жылы лебіздер әр кезеңде айтылып келеді. Ал қаламгердің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оның шығармашылығы мен азаматтық позициясына тағы да үңіліп, тағылым түю ешқашан көптік етпесі анық. Сафуан Шәймерденов туралы және ол кісінің азаматтық болмысы жайында толғағанда, бүгінгі біздің ұрпаққа да, бізден кейін қазақ көшін алға сүйрейтін келер ұрпаққа да тағылым боларлық көптеген қасиеті тізбектеліп, көз алдыңызға келеді.

Өмірі өнегеге айналған Сафекеңдей жайсаң жандар жайында қалам тербеп, көкейде жүрген ойды ортаға салу адамға қашанда қуаныш сылайтыны анық. Саф, таза болмысын сақтап, мына дүниенің қызылды-жасылына бой алдырмаған Сафекеңнің өмір жолы жастарға қашанда бағдаршам ретінде бағыт көрсетіп тұрады десек артық айтқандық болмас еді.


Сафуан ағаны тану үшін ең алдымен, оның шығармашылығына терең үңілу  керек. Қаламгердің шығармашылығымен танысқан кез келген адам бірінші кезекте ол кісі эстет, талғампаз жазушы екенін байқары хақ. Сафуан Шәймерденов әдебиеттің табалдырығын ұлы жанр – романмен аттағанынан, қаламгердің әдебиетке үлкен дайындықпен, асқан жауапкершілікпен келгенін байқауға болады. Қаламгер алғашқы «Болашаққа жол» романын жариялап, әдебиет айдынында желкен көтергенде бар-жоғы 31 жастағы жігіт еді. Осылайша, ағамыз 31 жасында әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, отыз жасында орда бұзған-ды. Жазушы бұл романын студенттік жылдар қолға алып, ұзақ жыл жазғаннан кейін «Болашаққа жол» романы жастарды болашаққа жол сілтейтін бағдаршамға айналды десек болады.

Сафекеңнің алғашқы тырнақ алды романын жан-жақты талдаған әдебиет сыншысы Шериаздан Елеукенов «Роман сюжеті мичуриншілер мен антимичуриншілер (генетиктер) арасындағы ғылыми тартысқа құрылған. Біріншілері жеңіп жағымды, екіншілері жеңіліп жағымсыз көрінеді. Романның жастарға берері мол. Образдық жүйенің толқуы, әсіресе шыншылдығы оқырманды бірден баурап алады. Сафуан кейіпкерлерін мінездеуде біріңғай ақ, қара бояулардан бойын аулақ салған. Романда жалпыға бірдей қалыптан айнымайтын мичуриншілер мен жаңалыққа, өзгеріске жаны құмар антимичуриншілер арасындағы, жалпы қоғам дамуының ығымен жүретін мақұлдаушылар мен шындықты бетке айтатындар арасындағы тартыс арқылы жазушы қоғамдық өмірдің таусылмайтын, кеше де болған, бүгін де өзекті, ертең де болатын өміршең тақырыбын темірқазық етіп алған, Ең бастысы, адамдар арасындағы психологиялық иірімдер мен терең философиялық ойларға бару арқылы да жазушы жаңашылдығымен көзге түскен» деп әдебиет сыншысы өз бағасын берген болатын.

Осылайша, Сафуан Шәймерденов өзінің алғашқы романы арқылы қазақ жастарының батыл болуға, алға қойған мақсат-мұратына қол жеткізуде табандылық танытуға үндегенін атап айтуға болады. Шығарма оқиғасы ғылыми адамдардың ара қатынасына құрылғанын ескерсек, жазушы осы арқылы қазақ жастардың ғылыми-техникалық прогреске ұмтылуды, тыс қалмауды үндегенін меңзегенін байқауға болады. Оның үстіне, адамдар арасындағы тартысты номенклатуралық билік жүйесіндегі адамдар арқылы жеткізу мүмкін емес еді. Осы тұрғыдан алғанда, сол кеңестік жүйе кезіндегі адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасын ғылыми ортаның өмірін басшылыққа алып жеткізуі ұтымды шешім болғанын байқауға болады.

Осылайша, Сафекең өзінің кесек туындысымен әдебиет әлемінің есігін айқара ашты. Арада біршама уақыт өткеннен кейін «Болашаққа жол» романы «Инеш» деген атпен қайта басылып, қалың оқырманға тағы да тез тарап кеткен еді. Ғылымға құлаш ұрған студенттер өмірін суреттеген шығарма сол кездегі қазақ әдебиетінің көзі тірі классик жазушылары – Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және білікті әдебиет сыншылары – Смет Кеңесбаев, Бейсенбай Кенжебаев сынды алыптар оң бағалап, ақ баталарын берген болатын.

Сафуан Шәймерденов алыптар тобының ізін ала шыққан бір шоғыр жұлдыздай қаламгерлер санатынан еді. Олар – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Зейнолла Қабдолов, Бердібек Соқпақбаевтар болатын. Әрқайсының есімі де, жазған шығармалары да қазақ оқырманының жадына өшпестей болып жазылып қалған еді.

Сафекеңнің жазушылық ерекшелігі, өзіндік стилін тамыршыдай тап басып көрсетіп кеткен, өзінің ғажайып жан досы академик-жазушы Зейнолла Қабдолов еді. Зекең жазбаларында: «Сафуан – мәдениетті жазушы. Әдеби туындының құны баурағыш күші, эстетикалық құяр сағасы – сұлулық. Сафуан әдебиеттің осы қасиетін қапысыз меңгерген. Ол шығармасында сұлулыққа жалаң еліктетпейді. Ол әрқашан адамның ажарын ақылын, жан сұлулығын суреттейді. Сафуанның қай шығармасын алсақ та, күн шығуы секілді жылы, нәзік лиризмі толықсып, төгіліп тұрады. Қай шығармасын алсақ та, онда таза, тұнық парасат бар. Бұл оның сыршыл суреткер екенін танытады» деп тайға таңба басқандай дәл баға беріледі.


Қаламгер ағамыздың осыншалықты зор талант иесі болып қалыптасуына оның туған жері, өскен ортасы бас себепші болғаны анық. Сафуан Шәймерденов қазақтың сыршыл ақыны Мағжан, ұлттық ұлы жазушылар Ғабең мен Сәбең туған, аққу қонған көлдері көзден кетпейтін, қарағайлы-қайыңды Солтүстік Қазақстан өңірінде дүние есігін ашқан. Адуынды ақын Ғафу Қайырбековтің:

Аттандық әлденеше он жылыңды,

Сол жолда ой қалыңдап, бой бүгілді.

Алпыста романдарын арқалаған

Сафуан Шәймерденов сол бүгінгі

Бәрінің әрі інісі, әрі ағайы,

Басылмас арыстандай әлі айғайы.

Иілмес дауыңа да, дауылыңа да,

Сорайған солтүстіктің қарағайы, – деген жыр жолдары сондықтан жазылған болар.

Сафекеңнің «Ағалардың аялы алақаны» деп аталатын кітабын парақтағанда жазушының балалық шағының қалай өтіп, азамат болып қалыптасуынан көп мағлұмат аласың. Айталық, жазушының «Бір таба нан» әңгімесін оқығанда туған анасынан небары сегіз жасында жетім қалып, балалық шағы ауыр өткені көзіңе жасқа шыласа, кейде езуіңе күлкі үйіреді. Сафекеңнің өз өгей шешесі Бейіс туралы «Мезгіл» хикаясы, Шияп мұғалімі хақында «Қолтаңба» әңгімесі, басқа да өмірден түйген шынайы да шымыр шығармаларының қай-қайсысының да тағылымдық мәні зор. Оны ағамыздың шығармаларын оқып шыққан адам ғана ұғына алады.

Желтоқсанның ызғарында Сафекеңнің алаңға шыққан жастарды қорғап, Г.Колбинге тіке айтқан сөзі оның азаматтық позициясына, ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қоятын атпал азамат екенін көрсетті. Абзал ағаның сол кезде Колбинге тайсалмай айтқан сөзі қазақ жастарына қуат бергені анық.

Сол кезде Сафекең былай деп еді: «Қазақта «қашқан жауға қатын да батыр» деген сөз бар. Солдаттардың темір күрегі мен қақаған аязда суық сумен атқылағанына төтеп бере алмай, жан сауғалап алаңнан қашқан жастарды түнімен қуалап ұстап, ол-ол ма, жастау қазақ көрінсе, бас салып ұстап қамап, оларға білгендеріңді істегендеріңізді сол таяққа жығылған жастар, олардың ата-аналары, қала берді, бүкіл қазақ халқы ұмыта ма? Өз ұлдарына осыншама зәбір көрсеткен біздің елдің Ұлы держава болғаны рас болса, оның ұлылығы қайда? Бұдан кейін біз енді кімге сенеміз?» деп Сафекең Колбинге тіке айтқанда оның қайсарлығына қайран қалмаған адам болмағаны анық.


Осылайша Сафуан Шәймерденов өзінің өнегелі ғұмырында жан сұлулығы мен парасаты, ұлтжандылығы мен ұлылығы, тектілігі мен батылдығы қатар астасқан азамат болғанын айғақтап кетті. Ендеше, еліміз 100 жылдығын тойлайын деп отырған Сафуан ағаға бүгінгі ұрпақ қандай құрмет көрсетсе де лайықты.

Қуаныш ЕРҒАЛИ, журналист. 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар