Рубль мен теңге арасындағы теңгерімсіздік бензин тапшылығына ұрындыруы мүмкін - Байділдинов

Кәмшат Тілеухан 28 шіл. 2025 12:24

"Бүгін ұлттық валютаға шаққанда 1 рубль құны 7,2 теңгеге жетті. Осы жағдай ары қарай да сақтала берсе, Қазақстаннан отын тасу үрдісі тағы да үдеуі ықтимал". Мұнай саласының маманы Олжас Байділдинов осылай деп дабыл қағады. Оның айтуынша, өткен жылы екі елдің валютасы арасында теңгерім жүргізіліп, солтүстік өңірден жанар-жағармай отындарын тасып әкетудің экономикалық мағынасы жойылған. Бірақ, өкінішке қарай, биыл жағдай тағы қайталануда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Былтыр жағдайды тұрақтандыру үшін төрт бірдей ведомство бірігіп, бұйрық шығарған. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі, ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ және Қаржы министрлігі.

"РФ-да қазіргі бөлшек саудадағы баға 57-59 рубльді құрап, оның 65 рубльге дейін қымбаттауы болжануда. Ал АИ-95-тің 1 литрі қазірдің өзінде 63-65 рубльден сатылуда, сондықтан бұл реттегі баға 70 рубльге барады деген де пайым бар. Жалпы, 57 рубль дегеніміз қазіргі теңге/рубль арақатынасында 400 теңге дегенді білдіреді. Еліміздің ішкі нарығындағы бағадан екі есегеге жуық артық көлем. Демек, контрабандашыларға мұның оңынан келері сөзсіз. Айналымдағы капиталды бір күнде екі есеге өсіру мүмкіндігін кім қалт жіберсін дейсіз?... Алаяқтардың өзі мұндай табысты уәде ете бермейді", деп жазады Байділдинов желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, көлеңкелі бизнестің көрігі қызса, арғы жағынан тапшылықтың орын алары анық. Онда да күзге таман. Нағыз жиын-терім кезінде.

"Жалпы, бұл тек бензинге қатысты мәселе емес. Көршімен салыстырғандағы ақша бағамы өзге де тауарлардың заңсыз сыртқа әкетілуін білдіре алады", - дейді ол.

Бұған дейін сайтымызда "Қазақстандағы ірі қаржылық топтар осы аптада долларларын сата бастамақ - DALA INSIDE" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар