Қазақстандағы ірі қаржылық топтар осы аптада долларларын сата бастамақ - DALA INSIDE

Көркем Алдабергенова 28 шіл. 2025 10:54

Қазақстандағы доллар бағасы шарықтау шегіне жетіп, өткен жұмада Қазақстан қор биржасында бағамы 544,95 теңге деңгейінде жабылған болатын. Демалыс күндері Форекс нарығында доллар котировкасы 545,2 теңгеге жетті. Қаржы нарығында «Ұлттық Банк осы аптаның ортасына таман интервенция жасауы мүмкін» деген инсайд тарағандықтан, ірі қаржылық топтар бүгін мен ертең доллардан барынша тез құтылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Конгламераттар бүгіннен бастап жаппай «сбросқа» дайын. 545 курсымен долларды сатып жіберсе, спекулятивті табыс ала алады. Бастысы интервенция басталмай тұрып үлгеру керек. Одан кейін доллар 530-535 бағамына отырып қалады. Сондықтан осы аптада кемінде 2 миллиард доллар сатылып кетеді деп отырмыз», - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Өткен жұмада Қазақстан қор биржасында USD/KZT валюталық жұбы бойынша 255 миллион долларға сауда-саттық жасалған. Фундаменталды тұрғыда, доллардың өсіп, теңгенің арзандайтын негізі жоқ. Тек шілде-тамыз аралығында жүретін адамдардың демалыс кезеңі мен өндіріс ашуға мемлекеттен ақша алған кәсіпорындардың шетелден валютаға құрылғылар мен станоктар сатып алатын науқаны бір-бірімен сәйкес келіп қалды да, долларға маусымдық сұраныс артып кетті. Маусымдық ауытқуды баса тұру үшін Ұлттық Банк уақытша интервенция жүргізетін болса, теңге қайта күшейіп, фундаменталды бағам орнына келеді. Оның мәні долларына 535 теңге шамасында.

«Егер қаржылық топтар жаппай доллар сататын болса, онда Ұлттық Банкке интервенция жасаудың қажеті жоқ. Кемінде 2 миллиард жекеменшік доллардың сатылуы курсты онсыз да орнына келтіреді. Дәл осы кезде екі тарап бірін-бірі аңдып отыр. Егер Ұлттық Банк бірінші бастап кетсе, қаржылық топтар ұтылып қалады. Егер топтар бірінші сброс жасаса, онда Ұлттық Банк ұтады. Сондықтан конгламераттар биржадағы операцияларды бірінші бастайтын сияқты. Олардың позициясы Ұлттық Банкке қарағанда әлсіздеу», - деп түсіндірді дереккөз.

2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда импорт көлемін кемінде 500 миллион долларға арттырып, 23,7 миллиард долларға жеткізген. Шетелден құрылғылар, станоктар сатып алу сомасы 170 миллион доллларға өсіп, 10,1 миллиард долларды құраған. Импортымыздың тең жартысын өңдеуші өнеркәсіпке қажет құрылғылар құрап отыр. Бұл болашақта отандық өндіріс көлемінің өсуіне алып келеді. Ал ол дайын тауарлар импортын қысқартып, болашақта экономиканың жан-жақты дамуына ықпал болмақ.

Нарықтағы инсайдқа қайтып оралатын болсақ, дәл осы аптада Қазақстан қор биржасының валюталық нарығында қызық құбылыстар орын алуы мүмкін. Алғашқы белгілері бүгін кешкі 20:00 сағаттан кейін көріне бастайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар