Ресей Федерациясында жанар-жағармай бағаларының көтерме бағасы тағы қымбаттағаны белгілі болды. Бұл реттегі құн Қазақстаннан екі есеге қымбат, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Санкт-Петербург биржасында АИ-92 бензинінің 1 тоннасының биржалық бағасы 71 309 рубльге жетті (шамамен 479 мың теңге). Ал Қазақстанда АИ-92 бензинінің 1 тоннасының биржалық бағасы, мәселен Павлодар мұнай-химия зауытында 249 мың теңге және Атырау мұнай өңдеу зауытында 226 мың теңге болады. Ресей Федерациясындағы АИ-95 бензинінің 1 тоннасының бағасы 80,3 мың рубльге жетті (шамамен 540 мың теңге). Қазақстанда бұл баға 278 мың теңгені құрайды. Яғни, Ресейдегі бензиннің көтерме бағасы Қазақстанмен салыстырғанда екі есе жоғары", деп жазады Energy Monitor Telegram арнасы.
Айта кетсек, Энергетика министрі 2025 жылғы 27 қаңтарда Қазақстанда мұнай өнімдерінің бағасын белгілеуде осыған дейін сүйеніп келген министрліктің кейбір бұйрықтарының күшін жойды. Осылайша 1 ақпаннан бастап мемлекеттік реттеу алынып, жанар-жағармай мен дизель отынының бағалары еркіне жіберілді. Үкімет бұл реттегі бағаны жыл соңына дейін біртіндеп көтеруді мақсат етеді. Ондағы ой - көршілес елдердегі бағаны қуып жету. Бірақ, мәселен Ресейдегі инфляция бізге бұл ретте шаң қаптырмай тұр. 2025 жылы 14 тамызда еліміздің солтүстік өңірлерінде кейбір бекеттерде бензин тек талонмен босатылып, Энергетика министрлігі мәлімдеме жасауға мәжбүр болған. Сондай-ақ осы кезеңде Қазақстанда рубль қымбаттап, ресейліктер шекаралас өңірлерге көліктерімен лап қойғанын да жазғанбыз.