Қыркүйекте президент жолдауы жарияланады. Ал одан бір айдай уақыт бұрын бюджет қайта қаралып, жоспардың қалай орындалғаны белгілі болады. Қай тұста ақша жетпегені, қай жерде толтыру керегі де тамызда көзге көрінеді. Былайша айтқанда бұл — бюджеттің «тамырын» басатын кез.
Жолдауда дамуға бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламалар аясында президент тапсырмалар беріп, мерзімін бекітеді. Одан кейін бірнеше күн ішінде премьер-министр үкіметті жинап, ол жерде министрлер тапсырманы қалай орындайтынын, қаражат жете ме — айтады. Президент әкімшілігі аймақ әкімдерінің басын қосып, олар да өзіне қатысты тапсырмаларды қалай орындайтынын айтып, есеп береді. Қаржыгер Расул Рысмамбетов Facebook-тегі парақшасында осы орайда Қаржы министрлігінің мойнындағы жауапкершіліктің ауыр екенін атап өтті. «Бұл ретте меніңше, басты рөл — Қаржы министрлігінде. Өйткені касса — соның қолында. Ол бюджетті толықтырып, барлық бағдарламаны қаржыландыруы керек. Сөйте тұра салық жинаймын деп бизнесті де алқымнан алмауы қажет. Көбіне бизнес онша салық төлегісі келмейді, «тиісті қолдау алмай отырмын не төлеген салыққа сай мемлекеттік қызмет алмаймын» дейді. Осылайша Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдар, аймақтар мен квазимемлекеттік сектордың «тізгінін» (олар да ақша алғысы келеді) тартуға тура келеді. Әкімдер, министрліктер мен квазимемлекеттік секторда лобби мықты болғандықтан, Қаржымин ақша үнемдеу үшін олармен тайталасуға мәжбүр» дейді сарапшы.
Рысмамбетов 90-жылдары Қаржы министрі болған Александр Павловтың кезін еске алып, оның білігі жоғары болғанын атап өтті. «Интернет дәуірі басталмаған кезде Павлов қолына калькулятор мен қарындаш алып, 90-жылдары жағдай ауыр болса да, бюджетті тәптіштеп есептейтін. Шахтерлар ереуілге шығып, кәсіпорындар айлап айлық алмаған кездері осы Павловтың командасы аман алып шықты десем болады» дейді ол.
Сарапшы Қаржы министріне енді екі жақтың да ыңғайына қарамай, бизнестен салық алып, мемлекеттік аппараттың «тәбетін» қатар азайтатын кез келді деген пікірде. «Он жерден онша емес естілсе де, қазір Мәди Такиев бюджетті құтқарып қалатын болса, онда жеңілгені. Оны онсыз да көбі ұнатпайды, бұдан кейін тіпті барлық жерде үстіннен шағым түсетін болады. Иә, бұған дейін Кабинеттер бюджет мәселесіне келгенде жұмсақтау болған. Бірақ енді өте қатаң әрі бұрынғыдан басқаша шешімдер қабыладуға тура келеді. Бастысы, Қаржы министрінің екі жақпен шайқасуға әкімшілік ресурсы жетсе болды. Әйтпесе, көп ұзамай Ұлттық қордың түбі көрінеді» деп сөзін қорытындылады қаржыгер.