“Бұл жазбалар Діни басқарманың беделіне нұқсан келтіру мақсатында жазылғаны бесенеден белгілі. Негізсіз айыптаудың соңы айғай-шуға ұласып, исі мұсылман қауымының арасында араздық туғызды.
Басқармаға жала жапқандар ойлаған мақсатына жеткендей. Олар ел ішінде Ислам діні, мешіт туралы жаңсақ пікір қалыптастыруды көздеген еді.
Ислам дінінің түп өзегін, оның канондары мен қағидаларын біле бермейтін, мешіт жұмысының тыныс-тіршілігінен хабарсыз кейбір ағайын Қасиетті дінімізге көпе-көрнеу тіл тигізіп, ол туралы жалған, жаңсақ сөйлеп, сол арқылы өзгелердің де көкейіне күмән ұялатып жатқаны жайы бар.
Олар осы әрекеті арқылы еліміздегі миллиондаған адамның наным-сенімін қорлап, асыл дінімізге нақақтан нақа күйе жағып отырғанын түсінсе деп ойлайсың”, – дейді Бақдәулет Нұрматұлы.
Имам осы ретте 2006 жылы Әлемдік және дәстүрлі дін съезінде дін тақырыбында жазатын ақпарат құралдарына тіл қатқан Елбасының мына сөзін мысалға келтірген.
«Журналистер өзге дін өкілдерінің сезімдерімен санаспай, намысына тисе, онда бұл олардың ерте ме, кеш пе өз наным-сенімдерінің қорлануына алып келеді. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеждің нысаны болмауы қажет. Бұл қарапайым ережені, өкінішке қарай, ақпарат құралдары мен саясатшылар жиі-жиі бұзады», – деген еді сол жолы Назарбаев.
Имамның пайымдауынша, ақпараттық ғасырда оқыған дүниені қорытпай қабылдау қауіпті. Ақпаратты алдымен ой сүзгісінен өткізген жөн. Дәйексіз, дәлелсіз ақпаратты әлемжеліде бөлісіп немесе жақын адамыңа жолдау адасуға апаратын бірден-бір жол.
“Жала жабылған адам туралы жаман ойлаудан аулақ болу қажет. Бұл Ислам дінінің негізгі ұстындарының бірі. Біреудің сыртынан тон пішу, оның жағымсыз образын жасап, жұртқа жамандау ауыр күнә.
Қасиетті Құранда Айша анаға жабылған жаладан кейін түскен аятта: "Егерде оны естіген кезде: «Бұны біздің айтуымызға болмайды. Алла сақтасын. Бұл бір ірі жала" деген болсаңдар еді" («Нұр» сүресі, 12-аят), – делінген.
ҚМДБ-ға қарғыс жаудырғандар имамдардың танымына, білім деңгейіне күмән келтіріпті.
Еліміздегі дін қызметкерлерінің дерлігі Түркия мен Египетте білім алған көзі ашық, көкірегі ояу мамандар. Әлбетте Діни басқармаға білімі кемел, танымы терең дін қызметкерлері әруақытта қажет.
Бұл мәселеде Діни басқарма ұзақмерзімді стратегиялық жоспар әзірлеген және осы жоспардың негізінде біраз шаруа тындырылып, күрмеулі, түйткілді дүниелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Ашуға бой алдырмай, бүлікшілердің айтағына ермей, қолымыздан келгенше сауапты іске себепші болайық”, – дейді Бақдәулет қажы Нұрматұлы.