Қытайдың әдебиет нарығы (Бейжіңдегі жас қаламгермен әңгіме)

Dalanews 01 жел. 2016 11:51 1139

Еркебұлан Мүтәнұлы Қытайдағы оқырманы өте көп жас жазушылардың қатарындағы азамат. Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алыпты. «Қазіргі заман қазақ тілі» мамандығының магистры. Қытай орталық телеарнасының (CCTV) интернетте ақпарат тарату орталығының қазақша бөлімінде редактор болып қызмет істейді. 1988 жылы Іле Қазақ автономиялы облысының Күнес ауданына қарасты Кеңсу ауылында дүниеге келген өзіміздің қарадомалақ екен.

Біз осы сұхбатта қытай әдебиетінің қазіргі жай-күйі, баспа ісі, қаламақы, аударма саласы, қазақ әдебиетінің Қытайдағы орны, ондағы қазақ оқырмандарының бізден кімдерді жақсы танып, жастана оқитыны және өзінің де танымалдыққа жетудегі жолдары жайында кеңірек әңгіме өрбіттік.

Мен – интернет әдебиетінің жемісімін

— Өзіңіз туралы қысқаша ақпаратқа қарап отырсам, «Қытай интернеттік телеарнасының қазақ бөлімінде редакторлық қызмет істейді» деп жазылыпты. Сонда оның сайты телеарнадан бөлек пе?

— Иә, бөлек. Бөлек болғанда мүлде бөлек емес, біз сайтқа телеарнадан тыс арнайы өзіміз дайындаған материалдарды да жүктейміз. Сайттың телеарнадан бөлек өз студиясы, өз бағдарламасы, жеке дикторлары бар. 2011 жылдан бастап сонда жұмыс істеп келемін.

— Түсінікті. Ал Ереке, жақында Бейжің қаласында «Тез өтетін айлар» дейтін әңгімелер жинағыңның тұсаукесері болғанын ақпараттардан көрдік. Кең көлемде аталып өтіпті. Әңгімемізді содан бастасақ.

— Иә, бұл кітаптың тұсаукесері Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінде кеңінен аталып өтті. Көптеген ақын-жазушы, ғалымдар қатысты. «Тез өтетін айлар» бей әңгімелері түгелдей Бейжің қаласында жазылды. Бейжің үлкен қала, жан саны 25 миллионды құрайтын осы қалада білім алып, қызмет жасап жатқаныма да он жылдың жүзі болыпты. Әрі үлкен, әрі өзгеше орта мен сықылды ауыл баласын сан қилы сезім мен алуан ойларға жетеледі. Армандап жеткен Бейжіңде тұрып қарапайым ауылымды сағындым, қадірін осы жаққа келгенде ұғындым. Бейжің маған шабыт берді. Мен туған даламды қандай сүйсем, жастығым, қалыптасқан ортам — Бейжің қаласының мәдени ортасын да сондай жақсы көрем. Бірақ бұл қалаға ешбір тән емес екенімді білемін. Бір күн жылы, бір күн суық қабағын танытады. Бір күн сыртқа тепсе, бір күн құшағын жаяды. Менің барыммен де, жоғыммен де есептеспейтін осы қалада бей әңгімелері туды. Жалпы кітап үш бөлектен тұрады. «Муза парағы» деп аталатын бөлегінде жастарға тән, жастық кезеңдегі айналып өте алмайтын сюжет-махаббат тақырыбында жазылған бірнеше әңгімелер жинақталған. Онда «Жазылмай қалған хаттың мәтіні», «Түстің сценариі және режиссері», «Көкек бүлдіргенге тойғанда қайтады» атты әңгімелерді айтуға болады. Екінші бөлім «Ауыл әңгімелері» деп аталады. Онда «Мен үрлеген бақбақтың ұлпасы қайда бардың?», «Ата қазасы», «Найзағай оты шетенге таңдап түседі», «Қош бол, Бұланай» атты әңгімелер бар. Ал үшінші бөлегі — «Бей дәптерінен» деп аталады.

— Аттары да тосын естіледі екен, «бей әңгімелер» дегеніңізді түсіндіре кетіңізші.

— Бұнда кезіндегі интернет бетіндегі «Бей» бүркеніш атыммен жарияланған интернеттік жазбаларым жинақталған. «Бей» бүркеншек есімі сол уақытта қолданылған болатын. Одан бұрын да біраз әңгімелер жаздым, бірақ мен өзім туралы шынайы баға естігім келді. Сосын бұрынғы атымды уақытша қоя тұрып, «Бей» деген бүркеншек есіммен күнделікті қысқа интернет жазбаларын сайтқа салып отырдым. Берілген бағалар мені қатты қуантты. Атағым да шықты. Ерекше шабыт.

Айлар аунап, күндер заулап жатты. Сол бақытты айлардың құшағында қалып қойғың келеді. Тез өтетін айлар бір жағы соған да қаратылған. Сол әңгімелер жазылу барысында қазіргі кітаптың редакторы, жобалаушысы Өміржан Сейсенқұлұлы менімен кездесіп, интернеттік жазбаларымды баспаға беру туралы ұсыныс жасады.

Кітаптың тағы бір айта кетерлігі – бұл интернет әдебиетінің көрінісі, интернет әдебиетінің белгісі деп айтуға болады. Бұл кітап оқырманға уақыт тапшы кезеңде шұбалаңдықтан арылған, тақ етіп таңдайға ұрылатын лездік, шағын сюжетті әңгімелерден құралған. Бұдан тыс жергілікті тілдің ерекшелігін сақтап жазуға құлшындым, көркем әдебиетте диалект, жергілікті ерекшелік сақталуға рұқсат етіледі ғой, яғни, кейіпкер образын ашуға пайдаланылады. Сондықтан осы Қытайдағы қазақтарға тән сөз қолданыстар, сөйлем құрау дағдысы, жат тілдердің ықпалындағы сөз құрау, сөйлем ойлау формасы біршама сақталды. Бұл жағынан алғанда редакторға да көп қырықтырмай, сол күйде сақтап қалуға күш салдым. Менше бұл кітапты алғанда бірден қазақ әдеби тілінен сәл ауа жайылғандай сезілуі мүмкін. Бірақ бұл тілдің қоғамдық ерекшелігі, біздің қоғамдық ортамыздағы сөйлеу дағдымыз осылай. Сондықтан Қазақстаннан келген тіл мамандарына, әсіресе, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтындағы ұстаздарға жергілікті тілдік материал ретінде ұсындым. Ол кісілер біздің Қытайдағы қазақтардың тілдік қолданыста қайсы бағытқа қарап бара жатқанымыз туралы тамаша материал болды деп қабылдаған.

— Осы орайда, Сіздердегі интернет әдебиеті туралы айтыңызшы.

Интернет әдебиеті жақынғы жылдардан бергі өте қызу талқыдағы тақырып. Бұрынғы дәстүрлі әдебиет сияқты редактор, баспа қатарлы қым-қуыт жолдарды басып өтпейін ерекшелікке ие интернет әдебиеті бізде жақсы дамып келеді. Мысалы, «Қара жартас» атты сайтты айта кетейін. Сіз сайтқа тіркелгенде алдымен сіз авторсыз ба, жоқ оқырмансыз ба деп сұрақ қояды. Яғни, сізді жікке айырады. Мен автор болсам онда автормын деймін де, тіркелемін. Ары қарай жазатын шығармаңыз болу керек, сосын интернет жүйесінде шығармашылығыңызды бастап кетесіз. Кітабыңыздың мұқабасын, атын, мазмұнын жазатын жерлері болады, сосын сол арада жазып отырасыз.

Ал қаламақы қалай беріледі дегенге келсек, сіздің көріліміңізге, яғни шығармаңызды оқығандардың санына қарай сайт басқарушылар сізді өз интернет авторлары қатарына қабылдайды. Одан кейін сіздің туындыларыңызды бастапқы бірнеше тарауын ақысыз оқуға болатын, соңғы тарауларын көру үшін ақы төлейтін етіп жасап қояды. Егер шығармаңызға қызыққандар болса, онда ақшасы төленіп интернет әдебиетінің авторына айналасыз. Ақша шығарманың ашылған әр бетіне төленеді. Қытай ақшасы бойынша бір бетіне бес тиын немесе он тиын төлеп оқысаңыз, бір шығарманы оқып болғаныңызда сол кітаптың құны шығады. Менше Қазақстанда әдебиет порталдары осындай жүйені қолданса жақсы болар еді, алдыңғы тараулары ақысыз, соңын ақылы етіп жетелеп оқытса, оқырман үйренеді. Қытайдағы интернет әдебиетінің жарқын өкілдерінен мен танитындардан Хан Хан, Гө Жиңмиң қатарлылар деп айтсақ болады. Бұлар өте жас жазушылар. Көркем шығармаларын интернетте жазумен бастаған. Бірте-бірте интернетте өздерінің өте көп оқырмандарын қалыптастырған, сол оқырмандарының күнделікті жебеуі мен қолдауының арқасында шығармашылық шабыт тауып отырған. Қазір екеуі де ең өтімді жазушылар қатарына еніп кетті. Қазір олар интернет әдебиетінде өз жолдарын тауып, шығармаларын киноға, яғни, мәдени тауарға айналдыруға қарай бет бұрып кеткендігін айырықша айтуымыз керек. Ақшалары өте көп. Міне, мен де сол интернет әдебиетінің жемісімін. Жазушылық шабыт, қолдау, танымалдылық, сапа. Өтімді кітапқа жол.

Гарсия Маркес қытай баспаларына неге ашуланды

— Қытайда кітап саудасы, баспалар бәсекесі деген бір қызып жатқан думан, қайнап жатқан қазан ғой, интернет әдебиеті оған қаншалық әсер етуде?

— Қытай үлкен базар ғой, әсері бар екені даусыз. Бірақ мұндағы баспалар әртүрлі жолдармен тығырықтан жол тауып, өз пайдаларын кемітіп жатқан жоқ. Қайта бәсеке бұрынғыдан да қыза түскендей. Менің интернетте танымал болған дүниелерім кітап болып шыққанда да өтімді. Өйткені, сана кітапты бәрібір жинақ, толық нұсқа негізінде қабылдайды ғой.

— Осы Қытайдағы баспа құқығы жөнінде әртүрлі әңгімелер айтылады. Шетелдегі бренд өнімдердің көшірмесін жасап шығара қойғыш әдетімен шетел жазушыларының шығармаларын да жымқырып тұратын жағдайлар бола ма қалай?

Бұл туралы мынадай мысал келтірейін. 1982 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері, Колумбияның атақты жазушысы Габриэль Гарсия Маркес сол әйгілі сыйлықты алғаннан кейін оның шығармаларының Қытайдағы әсерінің жоғарылығына байланысты кейбір баспалар оның «Жүз жылдық жалғыздық», «Холера тұсындағы махаббат», «Полковникке ешкім хат жазбайды» қатарлы шығармаларын автор рұқсатынсыз немесе сол кездегі баспа құқығы туралы білімнің кемшілігінен қытайшаға аударып, таратып жіберген. 1990 жылы Маркес Бейжің және Шаңхай қалаларына сапарлай келіп, осы сапарында кітап сөрелерінен өзінің рұқсатынсыз қытай тілінде басылып шыққан шығармаларын көріп, қатты қапаланады.

Сонымен Бейжіңде Қытайдың мәдениет саласындағы қайраткерлерімен кездесу барысында оларға қарата «Барлықтарың заңсыз баспа ұрыларысыңдар ғой сонда?» дейді. Маркестің ренішті бұл сөзі сол арада тұрғандарды ыңғайсыз жағдайға түсіреді. Колумбияның Қытайда тұратын елшісі бұл жағдайды жуып-шайып жібергісі келсе де, Маркестің ашуы тарқамайды. Сол арада «Мен өлгеннен кейін 150 жыл өтсе де Қытайға шығармаларымның баспа құқығын бермеймін, әсіресе «Жүз жылдық жалғыздықты» деп кесіп айтады. Осыдан кейін 30 жыл ішінде Қытайдың қайсыбір баспа органдары және мықты баспагерлері мәдениет қызметкерлері бұл іске араласып, ұлы жазушының шығармаларының баспа құқығын алу туралы хаттар жазады, ұсыныстар жібереді. Маркес қытай баспа саласын елемей қояды. 1992 жылы Қытай ресми түрде «Халықаралық баспа ортақ келісіміне» (Universal Copyright Convention) кірді. Қытай баспа саласының баспа құқығы туралы түсініктері қалыптаса бастады. Бейресми мәліметтерге қарағанда 20 неше жыл ішінде Қытайдағы 100 неше баспа Маркеске, Колумбия елшілігіне, тіпті Маркес Мексикада тұрғанда Мексика елшілігіне де баспа құқығы туралы өтініш жасайды. Алайда бірде бір жауап болмаған. Бірақ Маркес бұл сөзді айтқанымен, 2008 жылы баспа құқығын ақыры берді. Бұл туралы Қытайдың Шин жиңдиян мәдениет компаниясының бас алқасы Маркесті қалай жібіткені туралы әңгімесін былай баяндайды. 2008 жылы олар Маркеске мынадай хат жолдайды:

«Құрметті Маркес мырза, сіздің кезінде Париж көшесінде алыстан тұрып «Ұстаз» деп өз көңіліңізде әулиедей көретін жазушыңыз Хемингуэйге айғайлағаныңыз сияқты, біз Тынық мұхиттың арғы бетінен сізге «Ұстаз» деп айғайлап тұрмыз, егер сіз тыңдай алған болсаңыз, дәл сол кездегі Хемингуэй сияқты бізге қол бұлғап, жоғары дауыста: «Сәлем, достар!» деп айтатыныңызға сенеміз». Міне, осы хаттың әсерінде бәлкім ұлы жазушы кезіндегі өзін еске алған болуы мүмкін. «Жүз жылдық жалғыздық» қатарлы шығармаларының ресми баспа құқығын береді. Бұл Қытай баспа саласында үлкен дүмпу қозғады. Ал осыдан кейін ілгерінді-кейінді басқа баспалардың шығарған заңсыз басылымдарын Үкімет заң органдарының арқылы бірте-бірте жоғалтып, қазір базар бетіндегі Маркес шығармалары түгелдей осы баспаның құқығындағы заңды кітаптар есептеледі.

Қаламақы қалай шешіледі?

— Жаңа айтқанымдай, 1992 жылы Қытай халықаралық баспа құқығы жөніндегі келісімшартына қол қойып, сол ұйымға кіргеннен кейін, шетел классиктері және мықты шығармалардың баспадан шығуы бірте-бірте өз арнасын тапты. Ресми баспадан шығатын кітап баспа өнімдерінің барлығында ISBN яғни, халықаралық өлшемді кітап нөмірі басылады және кітаптың баспа құқығы, көшіріліп басылса жауапкершілік арқалайтынына дейін айқын белгіленеді. Ал бұған қарап Қытайда бүкілдей заңсыз кітап жоқ болып кеткен екен деп ойламаңыз. Бейжің көшелерінде жүрсеңіз, көше бойында қол арбасымен кітап сатып жүретіндер болады, одан да іздеген кітабыңызды таба аласыз. Бұл қандай жағдай десеңіз, олар ресми баспадан шыққан кітаптардың көшірмесі. Қазір Қытайдың жеңіл өнеркәсібі, қағаз өнеркәсібі, баспа өнеркәсібі дамыған ғой. Кітабыңыз бүгін баспадан шықса, сатылым мөлшеріне қарайды немесе базарда қандай кітап өтімді, оқырман қандай кітапты іздеп жүріп оқып жатыр, осыны бақылап отыратындар өзінің жекелік баспа үйінде соның аумаған түрін көшіріп басады. Сөйтеді де көшедегі көтерме саудагерлерге таратқызады. Кітапханада тұрған әуелгі нұсқамен салыстырғанда қағазы, түптеуі нашар болғанымен, мұның бағасы арзан, бірер кітапты сол кітаптың әуелгі бағасының жарым бағасымен де алып алуыңызға мүмкіндік бар. Бұл туралы біздің ортамызда: «Кітабыңыздың көшірмесі көтермешінің қолында жүрсін, өтімді екенін содан білеміз» деген сөз бар. Ал бұдан тыс, кітаптың электрондық нұсқасын саудалайтын, интернетте көшіріп жазып жариялап жіберетін жағдайлар екінің бірінде кездеседі. Бұл жағында заң органдары басқаруды күшейтті деген күннің өзінде бірін бассаң, бірі шығып реттеуге болмайтын бір етек-жеңі жиылмас үлкен шаруашылыққа айналып бара кеткен.

Әлем әдебиетіндегі шығармалар қазір Қытайда түгелдей аударылады. Аударманың тек бір нұсқасы емес, бірнеше нұсқасы қатар жүретін кездері де болады. «Аударма қайталай жасампаздық барысы» деп жатамыз, сондықтан аудармашының өресіне қарай аударма басқаша әсер беруі мүмкін ғой.

— Қаламақы мәселесіне келсек…

Қытайдың баспаларынан шығатын әрқандай шетелдің жазушысына, баспасына келісімшарттар жасалынады. Оған өз рұқсатын беріп, қолын қойғаннан кейін баспа басып шығарады. Бірақ сол автордың алдында кім бұрын барғаны маңызды. Кешігуге болмайды. Үлкен бір роман екі-үш тәулікте аударылып екі-үш редакторлық жұмыс жасалғаннан кейін-ақ баспадан жарқ ете қалады. 20-30 аудармашы бөліп алады да, редакторларға береді. Сонда ұзақ болғанда бір апта кетеді. Өйткені, қазір Қытайдың баспа болсын, барлық мәдениет саласында бәсеке өте күшті, өтімді кітапты бір баспа алдымен аударып даярлап тұрмаса, екінші қағып кетеді. Бұл үлкен саудаға, бизнеске айналған жүйе. Баспа құқығы мен қаламақы мәселесі анық өлшемге түскен. «Қытай халық республикасы авторлық құқық заңының» 2-тармақшасында: шетелдіктердің, мемлекетке қарастылығы жоқ азаматтардың жазған шығармаларының сол автор тұрған мемлекет және өңір халықаралық келісім шартқа немесе сол ұйымға мүше болса, ондай азаматтардың авторлық құқығы сақталады деп белгіленген, 1999 жылғы белгіленген қаламақы төлеу белгілемесіне сай: кітаптың құны × таралым саны × қалам ақы пайызы міне осылай қаламақы беріледі, Қаламақы әуелгі авторға 3-10 пайыздық өлшем бойынша берілсе, аударма шығармаға 1-7 пайыздық өлшем қолданылады. Бірақ автор келісімін берген немесе жеке қаражатымен шығарылатын кітаптарға қаламақы төленбейді.

— Ел ішінде қалай?

— Ел ішіндегі бүкілге жуық газет-журнал бірыңғай қаламақы жүйесінде жұмыс істейді. Яғни, проза, мақала, өлең барлығына қаламақы төленеді. Қаламақы өлшемі сол журналдың таралымына және атақ-дәрежесіне қарай өлшенеді. Мемлекет дәрежелі немесе өлке, облыс дәрежелі үздік журналдардың қаламақысы әр бетіне 100 юань (5 000 теңге) немесе 70-80 юань мөлшерінде қаламақы береді. Өлең мен қара сөздің де  өлшемдері бөлек болады. Облыстық, аймақты жергілкті журналдар әр бетіне 50 юань айналасында болады. Нақты кесімді емес, мөлшермен айтып отырмын.

Кітап шығару жүйесі сол мемлкеттік тапсырыс, жеке шығару деген секілді дүние. Мемлекеттік те қаламақы бар, жекеде жоқ. Жекеге кітап мазмұнын қарап, рұқсат береді.

«Жүз жылдық жалғыздық» қайта қазақшаланды

— Ал сол қытай тіліне аударылып жатқан дүниелердің қазақшаға аударылып жатқаны аз емес шығар?

— Әлем әдебиетінен қытай тіліне аударылып, одан қазақ тіліне аударылу жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Элис Мунроның  шығармаларынан «Әйел махаббаты», «Сайран күндер», «Жиреніш, достық, іңкәрлық, махаббат, неке» қатарлылары, Харуки Мураками «Ну ормандағы махаббат» Орхан Памуктің «Менің атым Қырмызы» тағы басқа толып жатқан романдар немесе Нобель әдебиет сыйылғының иегерлерінің шғармалары аударылып жатыр. Жақында аудармашы Қалтай Оразбекұлы сол Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» «Ғасырлық құлазу» деген атпен қайта аударып жарыққа шығарды. Қазақ тілінде жылдағы Нобель сыйлығының әдебиет саласы бойынша бағаланған жазушыларының, Батыс елдері, Жапония, әлем әдебиетіндегі классиктері көптеп аударылу үстінде.

15209135_1803408969907150_446404362_n

Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы «Ғасырлық құлазу» деген атпен аударылды

Бертінгі жылдардан бері үкімет жағынан әдебиет-көркемөнер саласына баса назар аударып, қытай тіліндегі шығармаларды аз ұлттар (қытайда қытайдан өзге ұлттар аз деп аталынады) тіліне аудару, қытай әдебиетіндегі әйдіктерді аз ұлт тіліне аудару жобасы біршама жедел жүрді. Аз ұлттарға қытай әдебиетін таныту мақсатында жылына көптеген кітаптар аударылады. Ертеректе қытайдың классикалық шығармалары «Су бойында», «Қызыл сарай түсі», «Қалың орман, қарлы дала», «Батысқа сапар», «Сұнзының әскери айласы», «Таң дәуірінің бәйіттері» қатарлы үздік туындылардан басталған әдеби аударма саласы одан кейінірек Лу Шұн, Мау Дұн, Лау Шы, Ба Жин, Биң Шин, Әй Шиң, Хай Зы қатарлы авторлардың шығармаларын аударуымен жалғасты. 2012 жылы Мо Ян Нобель әдебиет сыйлығын алғаннан кейін, оның шығармаларын жаппай аудару басталды. Одан қалса «Қытай аз ұлттар әдебиетін көркейту құрылысының аударманы демеу нысаны» бағдарламасы бойынша «Қытай осы заман әдеби туындыларынан таңдамалылар» атты әңгімелер, повестер, өлеңдер, шалқымалар, деректі әдебиет томдығы болып бес томдық үлкен сериямен қытай әдебиетіндегі үздік әдеби шығармалар аз ұлттар тіліне аударылды.

— Ал осы жерде, кері бағытта аз ұлт тіліндегі шығармаларды қытай тіліне аудару қалай?

Бұл да жоғарыда аталған бағдарламаның құрамдас бөлігі. Яғни,  аз ұлттар әдебиетін қытай оқырмандарының назарына ұсыну қызметі де қарқынды жүруде. Қытай қазақ әдебиетіне таныс авторлардан Тәпей Қайысқанұлы, Мәдениет Мұқатайұлы, Алмагүл Жұмажанқызы, Гүлнар Қуанбекқызы, Ынтымақ Сәдуұлы, Төлеубай Дошықұлы, Білісбек Әбдіразақ, Нұрболат Әбдіқадыр, Мәдетбек Балғабек, Ерлан Нұрдыхан, Қуаныш Дәлей, Гүлайша Ерахмет, Қуат Асылбек, Азия Мағыперқызы қатарлы ақындардың өлеңдері, Оразқан Ахметов, Шаймұрат Қамзаұлы, Нұрила Қызықанқызы, Әуелқан Қали, Жұмабай Біләлұлы, Шәміс Құмар, Құмарбек Жуанған, Жеңіс Ырысхан, Тұрсынбек Байжұма, Баяхымет Жұмабай, Қидаш Жұбаныш қатарлы авторлардың прозалық шығармалары романдары қытай тіліне аударылып басылды.

— Оларды қазақ аудармашылар аударады ғой сонда?

— Иә, қазір мықты аудармашылардан Еркеш Құрманбек, Қайша Тәбәрәкқызы, Қадила Нұрғали, Мұрат Ыбырай, Шәкен Бөкетай, Жайырбек Мұқаметқан, Дәулетжан Патих, Қажыбек Айдарханұлы қатарлы кісілерді атауға болады. Бұл кісілердің аударуымен, яғни, Әкбар Мәжитұлының аударуымен «Абай қара сөздері», Қабай ақсақалдың (ұлты сібе) аударуымен Абай өлеңдері, Абай қара сөздері қытай оқырмандарына жол тартты. Сондай-ақ, Қазақстан әдебиетінен Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді», «Күншілдік» романдары аударылды. Рахымжан Отарбаевтың бірқатар шығармалары аударылды. Бұлар ғана емес, біраз шығармалар бар. Саяси жағынан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында», «Қазақстан жолы» қатарлы бірқанша шығармалары да қытай тіліне аударылып басылды. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты кітаптың қытай тіліндегі нұсқасының тұсаукесері осы Бейжің қаласында өтті.

Жалпы, біздегі ақын-жазушылардың өз шығармашылығынан тыс кәсібі аударма десе де болады. Өйткені, олар өз бетінше емес, мемлекеттік тапсырыспен ғана аударады. Аударады, қаламақысын алады, болды. Басқа ештеңеге бас қатырмайды. Және тапсырыс та көп, қаламақы да жоғары. Енді бір кемшін тұсы – әлем әдебиетінің біздің әдебиетке кіруіндегі, қазақ тіліне аударылуындағы көпір тағы сол қытай тілі болып тұр. Өзге тілдерден тікелей аударатын аудармашылар қосыны кемдік танытып тұр. Ағылшыннан тікелей аударатындар енді-енді қалыптасып келеді.

— Ал қазақтардан қытайша жазатын жастар шоғыры қалыптасты ма? Жалпы, қытай оқырмандары қалай қабылдайды, мойындай ма дегенім ғой?

Қытай тілінде шығарма жазып, қазақ өмірін суреттеп жүрген аға буындардан Әкбар Мәжитұлы, Еркеш Құрманбекқызы қатарлы кісілерді атауға болады. Жазушы Әкбар ағаның қаламынан туған «Ақсақ құлан», «Қайран он бестегі Халида-ай», Шыңғыс ханның тарихы төңірегінде жазған «Мұқали» қатарлы шығармалары қытай оқырмандары арасында керемет аңыс қозғаған. Ағамыз өткір қаламы, шығармашылық таланты арқылы Қытайдың сол уақытта ешкім қол созуға батылы бармайтын мемлекеттік әдеби сыйлықтарының бас жүлдесін арт-артынан жеңіп алып отырған, бұл біздің мақтанышымыз. Әрине осы аға буындар қазақ өмірін Қытай оқырмандарына өз тілінде жеткізе білді. Өз ойлау формалары арқылы ешқандай бөгетсіз білдіре алды. Қытай оқырмандары қазақ халқының тарихы, мәдениеті туралы түсінікке ие болды. Аударма арқылы қытай оқырмандарына бірқанша шығармаларымыз барып жатыр. Бірақ ол қанша дегенмен аударма. Жаңа заманда сол аға буындардың жолын қуған, қытайша шығарма жазатын жас буындар қатары үзілген жоқ. Бұл қуанатын жағдай әрине. Солардың қатарында Айдос Амантайұлын айту міндет. Айдос жоғары білімді, жақсы отбасында дүниеге келген азамат. Атасы Қытай халық радиосының алғашқы буын құрушылары Сағат Жайпақұлы, әкесі Амантай Сағатұлы, әпкесі қазақтың мықты режиссер қызы Жанар Сағатқызы. Осындай Қытайдағы мәдениет саласында орны бар кісілердің отбасында туылғандығы себепті де жазушы болған шығар. Оның қазақ халық әндерінің мазмұндарын соны әңгімеге айналдыру арқылы жаңаша стильде жазған «Айдос-Шолпан» романы жақсы оқылды. Әсіресе қытай тілінде мектеп оқыған, қытай тілінде білім алып көзі ашылған, қазақ тілінде әдебиет оқуға шарасыз, бірақ қазақ әдебиетіне, тұрмысына зер салып, түсінгісі келетін қытайша оқығандар мен қытай оқырмандары іздеп жүріп оқыды. Бұл кітаптың атағы қатты шықты. Қытай жазушылары, сыншылары жақсы пікірлерін білдірді. Қытайдағы «Ұлттар әдебиеті» журналының бас редакторы, қатысты әдебиет мамандары Айдос шығармашылығын жоғары бағалады. Оның бұрындары «Ең бүтін сынық» атты жыр жинағы, жақында «Бейбақ» атты жинағы жарық көрді. Оның интернет бетінде жазғандары да біраз дүние.

Одан басқа Айнұр Тұмарбекқызының «Аттың өлімі», «Қыз тағдыры», «Қарт малшы», «Хыпиңли түстік көшесі», «Үй салу хикаясы» қатарлы әңгімелері де қытайтілді оқырмандар арасында едәуір аңыс қозғаған. Осы қытай тілінде шығарма жазатын жас буындарды қолдап-қуаттау менше төтенше қажет деп ойлаймын. Себебі, Қытайдағы қазақтілді оқу аясы барған сайын тарылып бара жатқанда, көптеген оқушылар қытай тілінде өз халқының әдебиетінен, мәдениетінен сусындағысы келеді. Жасырары жоқ, қазір қазақша білетін ұрпақ азайып барады. Оларға мына Ахмет Байтұрсынов әліпбиі мүлдем бейтаныс, осындай жағдайда біз қазақ тіл жазуын соларға үйретумен қатар, оларға оңай келетін қытай тілінде жазылған шығармалар арқылы да өзімізге қарай тартуымызға болады. Ал ол үшін қытай тілінде жазатын жазушылар білімді, қазақ мәдениетін толық түсінген, қазақша ойлай алатын адам болуы керек, бұл маңызды.

Мо Янның қатты сыналып жататыны рас

— Сын-пікір демекші, кейінгі кезде сіздер жақтағы интернет әлемін қарап отырсам, Мо Янды даттаушылар мен ақтаушылар деген қатты талас-тартыс жүріліп жатады. Сол туралы қысқаша айтыңызшы?

— Мо Ян туралы қытай әлеуметінің пікірі әртүрлі. 2012 жылы Нобель сыйлығы Мо Янға берілгенде, ел ішінде алуан пікір туды. Бірақ түсінесіз бе, қазан сарқылдап қайнай бастағанда қақпағын жаба қойсаңыз қандай болады? Қайнаған су қақпақты көтеріп тастап бір жағынан асып төгіледі ғой? Дәл сондай қоғамдық пікір, қоғамдық аңыс қозғалды. Мо Янның кітаптарын әрбір баспа таласа-тармаса басты, оқырмандары талап әкетті. Десе де Мо Ян қаламынан туған, Мо Ян қаламымен бейнеленген қытайдың ауыл тұрмысы, Қытайдағы қарапайым қара халықтың тұрмысы, бейнеті мен тартқан жапасы, «жоспарлы туыт» қатарлы бірқатар мәселелер қозғалғандығы себепті Қытайдың халықаралық беделіне нұқсан келетінін ойлаған, шетелдегі оқырмандардың Қытай қоғамын осындай көлеңкелі тұстары арқылы түсініп қалуынан алаңдаған топ та болды. Мо Ян қытайдың пәлен жыл күткен, ұзақ күткен Нобель сыйлығының иегері, бірақ қытай әдебиеті үлкен теңіз сияқты қордалы әдебиет. Неліктен тек қана көлеңкеге толы сюжеттерге сыйлық беріледі? Бұл туралы Нобель әдебиет сыйлығының ұстанымына, яғни саяси мақсатына күмән келтіретіндер де пайда болуы заңды. Білесіздер, Мо Янның «Бақа» атты романында Қытайда жүргізілген жалғыз перзентті болу саясаты сөз болады. Мо Ян бір сұхбатында: «Әркім өз кіндігінен қанша ұрпақ тарату керек екенін өзі шешу керек» деді. Осы бір ұрпақ құрбандықтардың зарын, мұңын әрине халықаралық қауымдастық тыңдауы керек. Оны Мо Ян жазды. Қытай үкіметін, сол саясатты атқарғандарды қаламымен түйреді. Кім жаман атты болғысы келеді дейсіз. Сондықтан күнгейі мен теріскейін айқын парықтау керек сияқты.

Ал Мо Яннан басқа да толып жатқан том-том кітап авторлары бар, жазушылар бар, стилі, қалам қуаты, жасаған образы әр алуан. Яғни Мо Янды қалпақпен ұрып алатындар жетеді, солардың оқырмандары әрине алакөзденеді. Бірақ тарих солай жазылды. Солай бұйырылды. Мо Ян тәлейлі жазушы. Жақынғы жылдардан бері Қытайда сыбайлас жемқорлықты қатаң тексеріп, қатаң жазалау жүрілді. Бұны «Жолбарыс соғу» әрекеті деп те атайды. Ең үлкен мансапты Қытай компартиясы 17-інші кезекті орталық комитетінің тұрақты мүшесі есептелінетін Жоу Иұңкаңға дейін барды және бұдан өзге аудан, аймақ, облыс мансаптыларына дейін жетті. Жалпы  сыбайлас жемқорлық мәселесін түбірінен оңауға көшті. Осы кезеңде Мо Ян: «Мен сыбайлас жемқорлық туралы роман жазғалы жатырмын» деді.  Міне осыдан бастап, ұрының арты қуыс дегендей «Мені айтып қоя ма, мені жазып қоя ма, мені әшкерелеп жібере ме» деген жоғары жіктегі жемқор шенеуніктер түрлі тәсілдер арқылы Мо Янды қаралауға, беделіне нұқсан келтіруге тырысса керек. Шындық айтатын адамның шығармашылығы да қиын болады. Бірақ өтірік те ұзаққа бармайды ғой.

Есенғали аға Бейжіңге келгенде…

— Бүгінгі қазақ әдебиеті Қытайдағы оқырмандары арасында қалай бағаланады? Кімдерді іздеп, сұрап оқып жүрсіздер?

— Қытайдағы қазақтар Қазақстан авторларының шығармаларын оқи бастауының тарихы өте ертеде басталған. Ол жайында айтсам сөз көбейіп кетер. Сары тысты, қанатты тұлпардың бейнесі салынған Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» дейтін өлеңдер жинағы 10 мың таралыммен 9 мәрте қайталай басылды. Қазақ жазушыларының «Орамал» атты топтама проза жинағы Қазақстанның әр үйге беріп жіберген сәлемдемесіндей еді. Ал Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров қатарлы алаш ардақтыларының өлеңдері, Қадыр Мырзалиев, Қабдеш Жұмаділов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбек қатарлы әдебиет пен өнердің биігіндегі тұлғаларымыздың шығармалары өте көп таралды. Біз осы авторлардан сусындадық. Ал жаңа заманда «заман басқа, заманына сай адам басқа» дегендей, интернет дамыды, жазу ортақ болмаса да жазуды сәйкестендіретін жүйелер зерттеліп жасалды, сол арқылы қазақ сайттарында Қазақстан авторларын еркін оқуға мүмкіндік алдық. Марқұм Таласбек Әсемқұловтың шығармалары интернет бетін жауып кетті. Іздеп жүріп оқыдық. Руханиятымызды байытуға, орта шелегімізді толтыруға қамданып оқыдық, мол білім алдық. Ал енді жастар жанына жақын әсіресе поэзиядан Есенғали Раушанов, Жәркен Бөдешұлы, Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Серік Ақсұңқар, Маралтай Райымбек, Жарас Сәрсек, Мұрат Шаймаран, Алмас Ахметбек, Алмас Темірбай, Гүлнәр Салықбай, Ұларбек Дәлей, Алмат Исаділ, Ықылас Ожайұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Қалқаман Сарин, Әскерхан Ақтай, Ербол Бейілхан, Асылзат Арыстанбекқызы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Гүлманат Әуелхан, Құралай Омар, Ырысбек Дәбей, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Нұрғалым, Қайсар Қауымбек, Батырқан Сәрсенхан, Ербол Алшынбай, Азамат Тасқара, Ұмтыл Зарыққан деп тізбектеле береді. Прозадан да бір шоғыр есімдер бар. Нұрғали Ораз, Есболат Айдабосын, Дархан Бейсенбек, Бейбіт Сарыбай, Қойшыбек Мүбарак, Өміржан Әбдіхалықтың, Мәдина Омар, Аягүл Мантаева сынды қаламгерлер шығармаларын білеміз. Жақыннан бері «Егемен Қазақстан» газеті сайтының төте жазуында да топтама өлеңдер, әңгімелер беріліп жүр. Өз кезегінде олар да талқыға түсіп жатыр. Бұл ақындардың шығармаларындағы тың түрен, тамаша ағын өлең сүйер қауымның жан қалауынан шығып отыр. Бұл авторлардың атының аталып отыруы әрине жекелік көзқарастан емес. Қайта әдебиеттік ортадағы көзге басылатын жиілігінің жоғарылығында, аттарының көбірек аталып, шығармалары ортаға салынатындығында. Қандай жағдайда да осы авторлардың шығармаларымен жүздесіп қалуға орай шығып тұрады. Менше бұл оқырмандар арасындағы таралымы, оқылымы жиі авторлар деп түсінуге болады.

— Ал сіздер жақтан «Қазақстандағы әдеби қауым біледі, білуі керек» деп кімдерді айтар едіңіз?

Қытай қазақ әдебиеті тұтас қазақ әдебиетінің маңызды бір бұтағы ғой. Және ол да бір сұхбат, бір мақалаға сыйғызуға келмейтін кесек дүние. Сондықтан жастарды ғана айтайын. Проза жанры бойынша Хасен Әубәкірұлы, Қанат Қабыкенұлы, Жанұзақ Жөкенұлы, Би-Хамит Нұрбазарұлы қатарлылар. Осы қатарда «Жас жүрек жайып саусағын» атты бірнеше авторлардан құралған прозалық әңгімелер жинағында менің де әңгімем жарияланды. Ал поэзия саласында Мұрал Тоқтарұлы, Ерлан Нұрдыханұлы, Қуаныш Дәлей, Мұрат Әуесұлы, Тұрдыхан Айдарханұлы, Думан Пазілжанұлы, Қажыбек Айдарханұлы, Шалқар Қаныкейұлы, Қуат Асылбекұлы, Өркен Салубайұлы қатарлы қаламгер аға буындар кіреді. Бұдан тыс, Қабден Ожаубайұлы, Қырбақ Нұрғалидың туындылары менің шығармашылық ұстазым ретінде танылады. Айдос Амантайұлын жоғарыда айттық. Жаңагүл Қадайқызы, Жанна Қозыбаева, Сипат Қазыкен қатарлы замандастарымыздың да өзіндік стилі мен сорабы бөлекше. Ал поэзия жанрында өзіндік лебімен келе жатқан авторлардан Әріпжан Әбітай, Нұраш Әйтікен, Маңғаз Мұқаметқан, Айша Қабылқожа, Ықылас Оразбай, Бегәлі Төлеубай, Дылмұрат Жұмақанұлы, Ыбырай Дүйсенұлы, Әділет Ахыметұлы, Дүйсенәлі Шәмек, Әденбек Қамашұлы, Заңғар Тұрабек, Алпен Уайыс, Ерлан Ясын, Нұршат Әзімбек, Еркежан Бейсенбек, Сана Құрманғазы, Жанатбек Серғазы, Мұрал Мақсұт, Жұматай Көксубай т.б. қатарлы орта, жас буындарды атауға болады. Бұл менің әдеби ортам, осы әдебиет аясында жүргендердің қаламдарынан туған жырларының, шығармаларының тұрақты оқырманымын. Ал осы буын әдебиетшілерді сынға алып отыратын жас сыншы ретінде Тілеуберді Қанабекұлын атауға болады.

— Қазіргі әдеби ортаң, әдеби үрдіс, талпыныс қалай?

— Мен Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінде оқып білім алдым. Біздің уақытта қарапайым әдебиеттік ортамыз болушы еді. Университетіміздің «Ақ бесік» атты журналы жыл сайын шығып тұратын. Соның белсенді авторларынан Бағдәулет Ғинаятұлы, Ғарапа Насиоллаұлы, Құсыман Құмашұлы, Кенжебек Төлеубайұлы, Хамит Нұрбазарұлы, Әділет Ахметұлы, Ыбырай Дүйсенұлы, Алпен Уайысұлы, Заңғар Тұрарбекұлы қатарлы студент әдебиетшілер қатары бар еді. Ара-тұра бас қосып, әдебиет туралы, оқыған кітаптар туралы шағын сұхбаттар жасалынатын. Біздің университет өзі Бейжіңде тұрса да қазақы құт қонған университет. Тұрсын Жұртбай, Жантас Алтай, Гүлдарқан Смағұлова, Бағдан Момынова, Орнай Жұбай қатарлы ұстаздарымыз бізге сабақ берді. Ақын Есенғали Раушанов аға сәті түсіп Бейжіңге келіп қалғанда осындағы ақындарымыздың өлеңдерін тыңдап, содан Қазақстанға қайтқаннан кейін «Шыңында өскен Алтайдың» атты шағын эссесін жазды. Бір жасап қалдық. Ел көшіп келгендей қуандық. Жазушы Рақымжан Отарбаев келіп лекция жасады. Бұл ғажайып сәттердің көкірегімізге құйып кеткен сәулесі өз алдына әңгіме.

Біздің Жаң Диңжиң, Мұхтар Әбілқақұлы, Болаш Шөкеев, Еркін Ауғали қатарлы ұстаздарымыз әдеби ортамызға тамаша жағдайлар жасап беріп отырды. 2009 жылы Қытайдағы атағы дүркіреген «Күлтегін» сайтын құрдық. Асқар Жаңабекұлы қатарлы ағалардың техникалық және қаржылық сүйемелдеуінде бір кездері сол сайттың ыстығына күйіп, суығына тоңдық, әдеби редактор болдық. Сол біз қолға алып тұрған мезетте «Күлтегін» бүкіл қытай қазақтарының ең бірінші әдебиет-тарих порталына айналды. Ал біз оқу тәмамдағаннан кейін осы әдебиеттік шоғырымыз тарқап кетті де, кейбіреуіміз басқа қызметтермен болып, одан қала берді Қытайдағы интернет бақылауы қатаңдасуына байланысты «Күлтегін» сайтының жұмысы ақсай бастады. Мұның тағы бір себебі «Вичат» атты әлеуметтік желі бағдарламасының пайда болуы да шығар деп ойлаймын. Қазір ол жерде де әдеби орта қызып тұр. Сіз жазған шығармаңызды «Вичатқа» салуыңызға болады, сол арқылы достар аумағындағылар немесе сіздің «Вичат» қолданым текшесіне жазылған оқырмандар сіздің шығармаңызды келесі минуттарда-ақ оқи бастайды. Бәлкім, барлық адам жеңілге жүгіріп, жаппай осы үрдіске қарай беттеуі бізді таяздыққа апаратын да шығар. Бірақ жаңа әдебиеттің, жаңа қоғамның өз шоқ жұлдыздары жарқырап шығып келді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ұларбек Нұрғалымұлы, «Егемен Қазақстан»

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар