Dalanews.kz почтасына әртүрлі хаттар келіп тұрады. Бұл жолғы хаттың бөгенайы бөлек. Еуропадан келіпті. Хат белгілі себептерге байланысты қазақ топырағынан жатжұртқа қоныс аударған, сексенге таяған, Бельгияда жалғыздық азабын тартып жатқан кейуананың жанайқайы, жүрек сөзі екен.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өмірінің жартысынан көбін қуғын-сүргінмен өткізген Ырысалды Төкеевамен болған әлеуметтік желідегі әңгімеміз көлемді сұхбатқа ұласты. Сексендегі қарт қаламгердің аманатын газетіміз арқылы жариялағанды жөн көрдік.
Бақытты шақ
Менің 1962 жылға дейінгі өмірім мектеп құшағында бақытты балалықпен, университет қабырғасында жалындаған жастық жігермен өтті. Бірде-бір рет кедергіге кездескен жоқпын. Бастауышты туған ауылымда бітіріп, орталауды Дөрбілжін (ҚХР, Шыңжаң) ауданының орталығынан оқыдым.
Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласында қыздар толық орта мектебін 1958 жылы бітіріп, сол жылы күзде Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медицина университетінің емдеу ісі мамандығына қабылдандым. Ол жылдары медицина саласында ұлттық мамандар болмағандықтан, сабақ түгелдей қытай тілінде оқытылатын. 1962 жылға дейін 4 жыл тек ханзу тілінде оқып, оқуымды үздік дәрежеде жалғастырып отырдым.
Оқушылық, студенттік жылдарымда мінезім мен оқу нәтижеде үздік болғаным үшін бастауышта пионер, онан кейін комсомол болдым. Оқушылар ұйымының жетекшісі, жатақханаға жауапты адам секілді қосымша міндеттерді де атқардым. Сурет салуға, мақала,өлең жазуға құштар болдым.
Сол жылдарда көптеген әдеби кітап оқу арқылы көркем әдебиетке деген қызығушылығым оянып, қолыма қалам алып өзім де жаза бастадым. Университет өмірінен басқа саяси ұйымдарға, қозғалыстарға қатынасқан емеспін. Тек қана жақсы нәтижемен оқу бітіремін деген мақсат қана болды.
Қуғындағы өмір
Үлкен оқиға мен күрделі кезең 1962 жылы басталды. «Қазақтар қоныстанған Іле, Тарбағатай, Алтай сынды үш аймақтың адамдары шекара асып сәбетке (Кеңес одағы) кетіп жатыр екен» деген әңгіме жер-жерден жетіп жатты. Студенттер арасында абыр-сабыр басталып кетті. Бірге оқып жатқан курстастарымның бірталайы оқуын тастап, сәбетке кететін болып паспорт алу жұмысына кірісіп кетті.
Маған да бұрын ел ауғанда Қазақстанда қалған атамның туыстарынан шақыру келді. Мен де курстастарыммен бірге елшілікке барып ақыл-кеңес алдым. Осы кезде университетте үлкен жиналыс ашып, жақындары сәбетке көшіп кеткен студенттердің тізімі шықты. Соның ішінде мен де бар екенмін. Қолымызға анкета беріп соны толтыртты.
Бірінші категориядағылар – қолында паспорты барлар.
Екінші категориядағылар – ата-анасының паспорты болғандар.
Үшінші топтағылар – ата-анасы кезінде сәбеттен қашып келген, бірақ қолында әлі күнге дейін паспорты жоқтар немесе жоғалтып алғандар. Сонымен, мен үшінші топқа жатқызылдым. Бұрын біздің паспорт болған екен, мен апамның алдында отырып, суретке түсіппін. Жайлауда «құйыршық» шапқанда сандықтағы заттармен бірге тоналып кетіпті. Тозған ел жайлаудан қаша көшіп, арып-ашып он ненше күнде зорға дегенде ойға түсіп, елге қосылыпты. Сол себепті паспортымыз жоғалған.
Мен осы жайды еске алып, әрі жоғарыдағы туыстардан келген хаттарды көрсетіп, егер үкімет рұхсат етсе, оқуымды Қазақстанға барып жалғастырсам, болатын шығар деп ойладым. Көңіл күйім алай-дүлей болды. Бірақ оқуымды тастаған жоқпын, сол бұрынғыдай жақсы оқып жүре бердім.
Университет адам жіберіп, оқып жатқан студенттердің елімен хабарласып, ата-аналарының бар екенін, әлде көшіп кеткенін жалғасты анықтатып жатты. Мен де жерлес студенттерім секілді орайлы сәт болса кетуді ойлап жүрдім. Оқу орынның басшылығы жауапты жоғарыдан күтіп отырғанын айтты. Егер кете алмасаңдар, оқуларыңды жалғай бересіңдер деп сендірді.
Сонымен, біз сәбетке кету үшін елге қайттық. Шекарадан өте алмасақ, қайта келіп оқимыз деген үмітіміз болды. Келсем, ата-анам шекараның түбінде болғандықтан, көшкен елмен бірге (Май оқиғасы) шекара асып кетіпті. Бұрынғы өзім оқыған «Молотов» атындағы мектепте жатқан кезімізде жергілікті билік адамдары Кеңес одағын жамандап, кері насихат жасай бастады. Тіпті студенттер арасында «кері төңкерістік» ұйым бар екен деп, онан ары шүйліге түсті. Шетелге кетуді үгіттеп жүрген адамдар бар деп саяси науқанға айналдыра бастады. Арамызға арам ойлы өз тыңшыларын кіргізіп, материал жинатыпты. Бізді шындап аңдуға алды.
Содан бастап не түрлі қитұрқылық басталды. Күзге дейін әуреге салып, соңынан Үрімжідегі оқуымызға жібермей, жергілікті орындардағы қара жұмысқа бөлді. Бір күні жатақханамызға «ұры» түсіп, сандықтағы заттарым жоғалды. Ол жерде Қазақстаннан келген хаттар бар еді, соны алып кетіпті. Осы қасақана жоспарланған қастандықтың артынан мені 1962 жылы 13 қыркүйекте аяқ астынан тұтқындады.
Бізді әшкерелеп материал жинап берген тыңшы Күлшекер деген қызды арамыздан бөліп алып басқа жерге мұғалім етіп жұмысқа орналастырды. Бұдан өзге бүгінде аты белгілі бірнеше адамның Компартияға жағымпазданып тыңшылық жасап, көптеген студент жастардың обалына қалғанын жақсы білеміз. Ол адамдардың менің де үстімнен жала жапқанын кейін анықтап білдік. Бәрі көз алдымда. Олардың кейбірі сол жақта өлді, кейбіреуі әлі сол партиямен үндес, тілдес болып, жылы-жұмсағын жеп жүр.
Үзілмес үрей
1966 жылы «Мәдениет зор төңкерісі» деген қуғын-сүргін басталды. Түрмеге отырып шыққаным үшін, мені қарауылға алды, бақылауды күшейтті. Қайда ауыр жұмыс болса, қыз бала екеніме қарамай мені жіберіп отыратын. Мені қазақтарға қоспай, ылғи ханзу қыздармен бірге тұрғызып, аңду салып бақылап отырды. Кез келген саяси науқанда, жиналыста алдымен сынды менен бастап, айыптайтын.
Осылайша, рухымды сындырып, жаныштап, таптады. «Үлкен әріпті» қабырға газетіне шығарып, менің «қылмысымды» әшкерелеп, не түрлі айыптаулар жазылатын.
Кейін «Шекара түбін тазалау» деген саясат келді де, мені «Күмәнді шетке байланған «бұзықұнсұр» деп қарап шекарадан алыс аудан Шихуға жер аударды. Ол жаққа келген соң да менің еңсемді езетін, жүйкеме тиетін қара жұмыс пен қыз балаға ауыр әртүрлі еңбекке салды. Жергілікті орындарға «әскери мекемеден» арнайы алдырған бақылаушы адамдар бірнеше мәрте үйіме келіп тіміскілеп тінтіп, қағаз, кітап атаулының барлығын сыпырып алып кетті. Осылайша, мен жергілікті биліктің және шекара қорғанысы бөлімдерінің де қатар бақылауының астында өмір сүрдім.
1970 жылы жергілікті «кері төңкерісшілерді» жазалап, жаныштап атуға даярлады. Аудандық соттың бастығы Мұқажан, аудандық парткомның хатшысы Кәукей екеуі мас күйінде үйіме басып келіп құшағымдағы сәбиіме қарамай, менің маңдайыма наганын тақап тұрып «Сені қазір атып тастасақ та, сұрауың жоқ. Қылмыскерсің! Өткен жолы Шидагуде өлімнен аз қалдың»-деп, маған тепсініп қорқыта сөйледі.
Күйеуіме мәжбүрлеп арақ беріп, айтқанына көндіріп, оны да аңдып, зәресін алды. Айта берсем, ондай оқиғалар өте көп. Аса ауыр, қиын күндер басымнан тізбектеліп өтіп жатты…
Қайта түлеу
1978 жылы қытай саясатында бір мезгіл жылымық пайда бола қалды. Әсіресе, зиялыларды қалпына келтіру, азат ету, обалды болғандарды орнына қайта қою секілді түзету жаймашуақ басталды. Сол кезде көп қатарлы мен де еркіндік алдым, басым азат болды. Өзімнің баяғыда оқыған мамандығым бойынша «жалаңаяқ» (штатсыз, уақытылы) дәрігер болдым.
Артынан менің біліктілігіме қарай жұмыс беріп, мұғалімдікке ауыстырды. Арапша төте жазудан, латынша жаңа жазуды үйренуге тура келді. Кейіннен сот қызметкерлерін толықтыру кезінде менің ханзу тілін білетінімді, жоғары білімді екенімді ескеріп, Үрімжідегі қысқа мерзімдегі заң оқуына жіберіп, оны бітіріп келген соң аудандық сотқа судия етіп тағайындады.
Міне, осы кезден бастап қаламды қайта қолыма алдым. Жас кезімдегі жазуға деген құмарлығым бойынша өзім әуес болған өлең, әңгімелерді жаза бастадым. Ол еңбектерім редакциялардың көңілінен шығып, арт-артынан басылып тұрды.
1962-1978 жылдар аралығындағы қор болып босқа кеткен 16 жылымның есесін қайтарып алғым келді. «Тозақтың» отында күйіп, қытайдың қанқұйлы саясатына рәсуа болған, қорланып өткен жастығыма өкіндім. Бойыма күшімді жинап қызметті де істедім, өлеңімді де жаздым, бала-шағамды да бақтым, оқыттым. Жазғандарым сегіз жинаққа енгізілді. Прозалық еңбегім автономиялы район көлемінде жүлде алды. Айтыскер ақын ретінде сахнаға шығып, бірнеше рет үлкен айтысқа қатыстым. Газеттерде жазғандарым үздіксіз жарық көріп тұрды.
1989 жылы туған жеріме көшіп барып, Шәуешек қаласындағы аймақтық орта сотта қызмет еттім. Сот саласында жүріп азаматтық істер бойынша судиялық міндет атқардым. Баяғы 1962 жылы «май оқиғасында» мені еріксіз тастап, сәбетке көшіп кеткен шешем бауырымды ертіп іздеп келді. Олар Қазақстанға қайтып барып маған шақыру жіберді.
Орындалмаған арман
1991 жылы күзде шақыруымды көтеріп паспортқа виза алу үшін миллиард қытайдың астанасы -Бейжіңге бардым. Жолымда кездескен сандаған қиындықтарды жеңе отырып, Кеңес одағының елшілігіне кірдім. Тұмсығым талай рет тасқа тиді, қытай жағынан да, елшілік жағынан да маңдайымнан сипайын деп тұрған адамды көрген жоқпын.
Әйтеуір әупірімдеп жүріп, мың өткелден өтіп, Қазақстаныма 1991 жылдың қазан айында жеттім-ау! Біз келген соң екі айдан кейін Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін ресми түрде жариялады! Ол да мен үшін үлкен қуаныш болды! Жолым ашылып, бақытым жанды.
Үржар - біздің жеті атамыздың мекені. Атам Төкейге дейін түгелдей бай болған адамдар. Колхоздастырудан қашқандармен бірге қытай жеріне өтіп, сол жақта тұрып, 1962 жылы елге оралғанға дейін ғана кедейшілікпен күн өткізіпті.
Міне, мен де сол армандаған ата-бабаның құтты мекені Үржарға келдім. Туыстарыммен қауышып, Қазақстанға табаным тигеніне қатты қуандым! Бейжіңдегі консулға барғанымда Алматыдан шығатын «Шалқар» газетін алып едім. Келе сала, сол адреспен редакцияға хат жазып, олармен байланыс орнаттым. Шалқыған шексіз қуанышымды бөлістім!
Олар мені Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен таныстырды. Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайына делегат болып қатыстым. Елбасымызды жақыннан көрдім. Дүниенің төрт бұрышынан келген қандастарыммен дидарластым. Жүрекжарды өлеңімді оқып, мінбеге көтеріліп бақытты күй кештім. Алқау алып, марапатталып, камзол кидім. «Қазақ радиосы», халықаралық «Азаттық радиосы» мені таныстырып, өлеңдерімді берді.
Үржар аудандық Абай атындағы лицейде ұстаздық қызмет еттім. Өлеңдерім газет-журналдарда арт-артынан басылып тұрды. Әртүрлі бас қосу кештерінде, мереке-мейрамдарда жырдан шашу шаштым. Баяғы булыққан 16 жылдық жылаулы уақытымда, қуғындағы өмірімде кеткен есемді қайтарғандай көңіл күйде жүрдім.
1995 жылы Семейде өткен Абайдың 150 жылдық мерей тойының арнайы қонағы болып қатынасып, сахнада өлең оқыдым. Ресей тарапынан түсірілген фильмде өлең оқып, пікірімді білдірдім. Ол біздің елде және Ресейде көрсетілді. 1994 жылы марқұм Қалдарбек Найманбаевтың ықпалымен Қазақстан Жазушылар одағына мүше болдым. 27 жылға жуық уақыттан бері Жазушылар одағының мүшесімін.
Отанға оралған соң Семейден шыққан жыр жинақтарына шығармаларым енді. Үржар ауданында зейнетке шықтым. Сол кезде жұмыстарыма көп көмектескен, қазақшыл, дарқан мінезді аурухананың Бас дәрігері, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрланбек деген азаматқа алғысым шексіз!..
1997 жылы астанамыз Алматыға көшіп келдім. Менің екі ұл, бір қызым бар еді. Оларды Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-де және Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқыттым. Алматыдағы кезімде көптеген үкімет адамдарымен, қоғам қайраткерлерімен кездестім. Көрнекті ақындар Мұзафар Әлімбаевпен, Тұманбай Молдағалиевпен, Қадыр Мырзалиевпен, Зайда Елғондиевамен жақын шығармашылық байланыста болдым. Кейін бір жолы, Еуропадан қазақ құрылтайына арнайы келгенімде мемлекеттік сыйлықтың иегері Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Нұрлан Оразалинмен кездесіп сұхбаттастым. Жағдайымды айттым. Баспаналы болып үй алуыма, сол кездегі көші-қон бөлімінің бастығы Зауатбек Тұрысбек бауырым көмектесті.
Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастығы болыпты, ол азаматқа көп рахмет айтамын!..
Қазақстандағы шығармашылық өмірім, 9 жылдық тірлік доғарылып, ендігі жерде жаңа тірлік басталып, жаңа ортаға ауыстым. Себебі мен тағдырдың айдауы, дәм-тұзымның тартуымен 1999 жылы 27 қарашада әлде бір себептерге байланысты Еуропаға ат басын бұрдым. Сөйтіп, Бельгияға қоныстандым. Міне, қазақ топырағынан алыстағалы осы айда тура 21 жыл толып отыр...
Жалғыздық
Еуропаға келген алғашқы 8 жылда Бельгия мемлекетінің азаматтығын алуды күттім. Тұрмысыма керекті қаражатты, отыратын баспананы мемлекет қамтамасыз етті. Пламан тілін, ағылшын тілін үйретіп, ортаға бейімдеді.
Мен тұрған Антверпен қаласында өзімнің ана тіліммен сөйлесетін, сырласатын, жандүниемді ақтаратын адам жоқ. Тек осы жақтағы, Бельгиядағы және Франциядағы ұлдарыммен ғана қазақ тілінде сөйлесемін. Қызым отбасымен Түркияда тұрады.
Кәсіпкер үшін, басқа мамандық қуып жүрген адамдар үшін шетелде жүру білінбейтін шығар, алайда мен секілді қаламгер үшін тілден алыс, елден алыс, өмір сүру шынында өте қиын екен.
Не сөзімді тыңдап жатқан адам жоқ, не жарияланып жатқан еңбектерім жоқ. Абай жарықтық айтқандай, «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным» дегеннің кебін киіп отырмын.
Бельгияның паспорты қолыма тиген соң, 2008 жылы елге бардым. Сол жолы қауымдастыққа өлеңдерімді тапсырып кетіп едім, олар «Ой толқыны» деген жұп-жұқа жыр жинағымды шығарып берді.
Артынан менің өтінішім бойынша, баламның күш салуымен, баспаны түртпектеп жүріп, өз қаржымызбен «Сыбызғы жүрек» атты шағындау өлеңдер кітабым жарық көрді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Еуропада ұйымдастырған Лондондағы және Венадағы екі реткі құрылтайына өз еркіммен сұранып бардым.
2011 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өткен қазақ құрылтайына шақырылдым. Сол жолы қауымдастық шығарған кітапта арнайы таныстырылдым. Мені ескеріп, тарихи кітапқа қосқаны үшін сол кездегі басшыларына, қызметкерлеріне рахметімді айттым.
Қазіргі тұрып жатқан Бельгия елінде ешқандай қазақ ұйымдарымен байланысым жоқ. Бұл менің ескерілмеуімнен, әлде жасымның ұлғаюына байланысты жүріп-тұруымның қиындығынан болар. Жомарт, Жанат деген тілшілер маған келіп, сұхбат алып интернетте жариялады. Одан өзге ешкімді көрмедім.
Қазір жасым 80-ге келіп қалды. Екі аяғыма да ота жасалғандықтан, қозғалысым тым қиын. Өзім осы елдің тәртібі бойынша жеке-дара тұрып жатырмын. Жақын жерде бір ұлым бар. Олар бала-шағасымен демалыс сайын келіп, хәлімді біліп тұрады.
Үміт көкжиегі
2011 жылғы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылтайында өз ойымды ашып айтып едім. Тағдырдың бұйрығымен Еуропада жатқан мен секілді бір қаламгердің мұң-мұқтажы ескерілмей, мүлде ұмыт қалдым.
Сол сапарымда Жазушылар одағының төрағасына өтінішімді жеткіздім. Қазір жаңа төраға Ұлықбек Есдәулет бауырым екен. Ол кісіге де айтайын! Министрліктердің (мәдениет және спорт министрлігі, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) басындағы адамдар да тез-тез өзгеріп жатыр. Екі министрлікке де айтар жанайқайым бар!
Мынау «Қала мен Дала» газеті арқылы арыз-арманымды айтудың орайы келіп тұр. 2018 жылдың басында «Жанашыр» қорының аясында өзімнің аздаған қаржыммен «Өмір өрнектері» деген екі томдық өлеңдер жинағым жарық көрген еді. Одан өзге осы одаққа мүше болған 26 жылдан бері бір кітабым да мемлекеттік бағдарламамен шықпады. Жазушылар одағының бір мүшесі ретінде маған қамқорлық жасауына болар еді. Шамасы олар менің бар, әлде жоқ екенімнен де хабарсыз болар.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Қазақстан Жазушылар одағына өтінішім бар!
Менің «Үзілмес үрей» деген романым жазылып, қолжазба күйінде дайын тұр. Шамамен екі том болады. Онда Қытай, Қазақстан, Еуропа елдеріндегі басымнан өткізгендерімді, сезгендерімді, түйгендерімді, ұрпаққа сабақ болар дүниелерді көркем тілмен, роман етіп жазып шығып едім. Соны шығарып беруге қол ұшын берсе екен деген тілек білдіремін.
2018 жылы Алматы қаласында жарық көрген кітабымның тұсаукесерін Жаңыл Әпетова, Ләззат Игісін сияқты сіңлілерім және ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы мұрындық болып өткізіп берді. Өкініштісі, мен ол бас қосуға бара алған жоқпын. Кітабыма алғысөзді Дәулетбек бауырым жазып, кешті өзі жүргізіпті. Сол кезден бастап Д.Байтұрсынұлы бауырыммен шығармашылық байланыстамын. Менің Қазақстан жақтан ашылған жалғыз терезем – сол азамат. Айтқандарымды әлеуметтік желіде жариялап, көңілімді көтеріп, өмірге, жазуға деген құштарлығымды арттырып қояды.
Елдегі барлық бауырларыма, ақын-жазушы әріптестеріме Бельгиядан сәлем айтамын! Мен сау-сәлемет Антверпен қаласында тұрып жатырмын. Газеттің көмегімен сіздерге үнімді жеткізігім келді!.. Менің Қазақстан Жазушылар одағының бір мүшесі екенімді ұмытып кетпеңіздерші! Мен сіздерді сәт сайын ойлаймын, минут сайын есіме аламын.
Жасым сексенге келсе де, дірілдеген қолыммен хат жазамын, міне, тағы да сөйлеп отырмын. Аман болыңыздар!
Жазып алған Жарас Кемелжан