Қытайдан келген қазақ қызы: «Шымкенттің өзі орыс тілін араластырып сөйлейді. Өкінішті…»

Dalanews 07 қар. 2016 11:06 824

Қытайдан келген қарындасымыз Жаңагүл Бағдатхан Қазақстанның орыстілді ел екеніне өкініш білдіріпті. Елге келгенде орысша үйренуге мәжбүр болам деп мүлдем күтпеген екен. Бұл туралы Замана басылымы жазыпты.
Бүгінде Қытайда тұ­ратын қандастарымызбен қарым-қатынас дамып отырғаны белгілі. Ол жақтан Қазақстанға келіп жатқандар аз емес.

Солардың бірі – Жаңагүл Бағдатхан есімді қыз бүгінде Шым­кенттегі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық универ­ситетінде білім алуда. Ол оқуға биыл түскен.

«Алғашында бұл жаққа үйрене алмай қиналдым, – дейді Жаңагүл. – Қытайда тамақтың көбі ащы дәмді болып келеді ғой, сондықтан негізінен тамаққа онша үйрене алмай жүрмін. Ал бұл жақтың адамдары ашық-жарқын мінезді екен. Осы бір-екі айдың ішінде ғана өзіме біраз достар тауып үлгердім».

Жаңагүл мектепте қытай және қазақ тілдерінде оқыпты. Кейін Шыңжаң университетінде оқыған. Қазір ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуда.

Біз оның әдебиетті көп оқығанына сүйсіндік. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романдарын оқыған екен. «Бұл кітаптар адамға тәлім-тәрбие береді, үлгі-өнеге болады, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлерді дәріптейді. Сондықтан да оларды қанша оқысам да жалықпаймын. Өзіме керегін аламын», – дейді ол.

Жаңагүлге Шымкент қатты ұнағанымен көңілінен шықпайтын тұстар да бар екен.

«Мұндағылардың көбі өзі таза қазақ бола тұра орыс тілін араластырып сөйлейді екен, – дейді ол. – Осы жағы маған біртүрлі көрінеді. Ал Қытайда жергілікті халық тек өз тілдерінде сөйлейді. Оларға басқа тілде сөйлесең мүлдем жауап қайтармайды. Қазағы көп аумақта тұрып тілді шұбарлап сөйлейтіні жөн емес екен. Бұлай кете берсе тілімізден не қалады? Басқалардың сөздерін қосып шұбар-ала бір нәрсе жасап алсақ ана тілімізді жоғалтамыз ғой. Меніңше, көп тіл білген дұрыс, бірақ оны сол шет елге барғанда ғана қолданса жетпей ме?»

Жаңагүл өзінің Қазақстанда қалғысы келетінін айтады.

«Қазақ елінің дамуына аз да болса үлесімді қосуды армандаймын. Ағылшын тілін жақсылап меңгеріп алсам, ақын-жазушыларымыздың еңбектерін ағылшын тіліне аударсам деймін. Біздің қаламгерлердің туындылары әр елдің кітапхана сөрелерінде тұрса, соған кішкене де болса үлесімді қоссам деген арманым бар».

Жаңагүл сурет салуға қатты қызығатынын да білдірді, оның өзінің кішігірім галереясы бар екен.

Жаңагүл Қытайдың Хінжияқ Алтай аумақтық Көктоғай ауданында туып-өсіпті. Оның екі ағасы мен екі әпкесі бар. Әкесі мектепте әдебиет пәнінен сабақ береді, ал анасы дүкенде жұмыс істейді екен.

Біз Қытайдан келген қандасымыздан осындай жайлар жөнінде білдік. Жаңагүл бүгінде сабағын жақсы оқып, ағылшын тілін игеруге күш салып жүр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар