Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына бірнеше рет жасалған дрон шабуылдарынан кейін Қазақстан өкілдері Украина тарапымен кездесіп, жағдайды талқылады. Келіссөздер Венада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесі аясында өтті. ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев украиналық әріптесіне өңірдегі тұрақтылықтың маңызын атап жеткізген. Киев бұл ұстанымды бөлісетінін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, украиналық тараппен жағдайдың тұрақты сақталуы қажеттігі жөнінде ортақ түсінік бар.
ҚР мұнайының 80 пайызы экспортталатын Каспий құбыр консорциумы Қазақстан үшін негізгі бағыт болып отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, әзірге бұл бағытты алмастыратын балама маршрут жоқ.
Украина Ресей инфрақұрылымына соңғы шабуылды қараша айының соңында жасаған. Бұған дейінгілерге қарағанда бұл жолғы соққының залалы айтарлықтай болғандықтан, мұнай тасымалы көлемі 72 млн тоннадан 68 млн тоннаға дейін төмендеген. Соған қарамастан, министр биылғы экспорт жоспары толық орындалады деп сенеді.
