"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры алдындағы міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтеп, 23,5 млрд теңгені қайтарды. Холдинг бұл шешім оның қаржылық саясатының тиімділігін және мемлекеттік қаражатты басқарудағы жауапкершілігін көрсететінін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық қордан бөлінген қаражат 2014 жылы жиырма жыл мерзімге тартылған болатын. Қаражат 2015–2019 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталды. Механизм бойынша: Ұлттық қордан бөлінген әр 1 теңгеге жеке және нарықтық инвесторлардан 2 теңге тарту қарастырылған.
Қаржыландыру «Қазақстанның даму банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылды. Жалпы саны он үш жоба қолдау тапты. Олар – өңдеу өнеркәсібі, көлік және электр энергетикасы салаларындағы маңызды нысандар. Атап айтқанда, рельс-балка зауытының құрылысы, темір жол дөңгелектерін шығаратын өндірісті іске қосу, минералды тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорынды жаңғырту секілді жобалар бар.
Холдингтің еншілес ұйымдарының деректеріне сәйкес, жобалар айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық нәтиже берген: өнім шығару көлемі 2016 жылғы 16,2 млрд теңгеден 2024 жылы 390,9 млрд теңгеге дейін өсті. Экспорт көлемі 0,17 млрд теңгеден 99,5 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар, 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Холдинг басшылығы «Бәйтерек» даму институты ретіндегі миссиясын орындауды жалғастырып, ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған жобаларды қолдай беретінін атап өтті.
