Қазақтың сүйікті әншісі Мейрамбек Беспаев 40 жасқа толды.
Әлеуметтік желідегі әншіге айтылған игі-тілектердің арасында журналист Жарқын Түсіпбектің төмендегі құттықтауы ерекше екен. Журналист былай деп жазыпты:
"Ол ауырғанда мұқым қазақтың қабырғасы қайысып, уайымға салынды.
Ол бала күнінде «Бозторғайды» айтқанда көзінен жас шықпаған қазақ қалмады, қаршадай баланың тағдырына алаңдап, Мейрамбекті жетім деп ойлады.
Ол намазға жығылғанда бәрі сәждеге басын иді.
Ол қалай ән айтса, қалған әншілер де соның жолымен жүрді.
Ол жәй сыбырлап сөйлегенінің өзі де ән сияқты, аузынан шыққан әрбір дыбыс нота.
Ол әншілігін бұлдамады, өнерін сатпады.
Ол қанша танымал болса да, соншалықты қарапайым болды.
Ол көсіліп сұхбат бермеді, шешіліп сөйлемеді. Ішіндегі шері тек ән боп боздап шықты. Әндері әуезді, сөздері әуен табиғатына сай болды.
Ол табиғатынан музыкант, әнші, ақын болды. Жүрегі қалаған әнді айтты, жүрегінен шыққан сөзді ғана ән етті.
Ол орыстілді тыңдармандардың өзін қазақша әнге елітіп, шоу бизнес тілін ана тілімізге икемдей бастады. Тіпті, Баян Есентаева да Мейрамбектің ерекше дарын, шынайы талант екенін мойындап, халық алдындағы беделінің асқақтығын ескеріп, киносына тарта бастады.
Ол бала күнінде-ақ «Алғашқы махаббат» фильміне түсіп, кино қорымызды бір молайтты.
Сол Мейрамбек бүгін 40 жасқа толып отыр. Шығармашылығына табыс, өнеріне мән тілейміз!" – деп жазады журналист.
Ал танымал продюсер Серік Абас-Шах Мейрамбектей інісін:
"ПРАЗДНИКбек 5ПАЕВ ініме:
40 жас - жас қой, торықпа,
Шаба бер, жортып, жорықта!
5паев 105 жасасын,
65 қосшы, "сорокқа".
Серік аға. 07.11.2016" - деп құттықтаған екен.