Кісі өлтірді деп сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов бұрынғы қорғауындағы адаммен көптен бері байланыспайтынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазір Ғазымжанов Бишімбаевтың өз туыстарына қарсы сотқа жүгінген ата-анасының өкілі ретінде әрекет етеді. Журналистер астаналық сотта заңгермен сөйлесіп, экс-министрдің жазасын өтеу жағдайы туралы сұрады.
«Мен онымен біраз уақыттан бері байланыспаймын. Қажет емес, себебі мен тек заңгерлік көмек көрсетемін, қандай да бір құқықтық мәселе туындаса ғана араласамын», - деп жауап берді Ерлан Ғазымжанов Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына.
Адвокат биыл ақпанда Бишімбаевтың "белгілі бір проблемалар" болғанын еске салды. Сол кезде ол колонияға барған. Бұл сотталған бұрынғы шенеуніктің мекеме әкімшілігі өзіне тиесілі көтермелеу шараларын бермегені үшін сотқа жүгінген жағдай.
Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаевқа колонияға анасы барып тұруы тиіс: жылына бірнеше рет туыстарымен кездесу қарастырылған. Экс-министрдің әкесі денсаулығына байланысты ұлын көре алмайды. Қазіргі уақытта Бишімбаевтың әкесі онкологиялық дертке шалдығып, жүрегі ауырады.
«Жуырда ол ауруханаға түсті, шұғыл түрде жатқызды. Ал Кемеловтер ісі бойынша жауап алудың қарсаңында ғана ауруханадан шығарды. Біз тіпті ауруханадан отырып-ақ түсініктеме бермек болғанбыз», — деді Ғазымжанов.
Журналистер сотталған Бишімбаевтың түзету мекемесінде жұмысқа тұрған-тұрмағанын нақтылауға тырысты. Адвокат мұндай жайттардан хабарсыз екенін айтты. Биыл ақпаннан бері оған қандай да бір көтермелеу берілген-берілмегенін де білмейтінін жеткізді.
