Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер қала әкімінен сол оқиғаға байланысты қоғамдағы сынға жауап беруін сұрады. Әлеуметтік желі қолданушылары әкімнің үнсіздігін «қатігездік» деп бағалаған болатын.
«Мұнда қатігездіктің не қатысы бар? Мен әкім ретінде қылмыстық не әкімшілік іске араласуға құқығым жоқ. Ол үшін арнайы органдар бар. Сот шешім шығарды, тергеу өз жұмысын атқарды. Егер мен аралассам, бұл процестің өзіне кедергі болар еді», – деді Сыздықбеков.
Ол сондай-ақ әлеуметтік желідегі сынға аса мән бермейтінін айтты.
«Шымкентте 2 миллионнан астам адам тұрады, әркімнің өз пікірі бар. Біреулер артық сөз жазады, уақыты бар шығар. Сондықтан “қатты хейт болды” дегенмен келіспеймін», – деді әкім.
Сыздықбековтің айтуынша, оқиғадан кейін қала әкімдігі мен оның қауіпсіздігі күшейтілген.
«Қазір арнайы полиция полкі күзет жүргізіп отыр, бәрі бақылауда», – деп атап өтті ол.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында бұрынғы әкім орынбасары Руслан Берденовке оқ атылған еді. Кейін сот Ернар Жиенбайды кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырған.
Берденов 29 тамызда әкім орынбасары қызметінен кеткен болатын.
