[caption id="attachment_13128" align="alignright" width="697"] Жазушы Дархан Бейсенбекұлы[/caption]
Алғаш болып сөз алған жазушы Нұрдәулет Ақыш мырза қазіргі кезде жас жазушылар арасында Арман Әлменбеттің «Мимырт» романынан басқа бұл жанрға ешкімнің қалам тартпағанын тілге тиек етіп, аталған романның әдебиетімізге қосылған сүбелі үлес екенін және оқырмандарға жасалған ерекше тарту болатынын атап көрсетті.
Шараның қызықты өтуіне атсалысып, жүргізуші міндетін атқарған жазушы Қанат Әбілқайыр романдағы кейіпкерлердің образдарына талдау жасап, олардың бойында ұшырасатын адамгершілік пен пенделік қасиеттеріне тоқталып өтті. «Қазіргі кездегі көптеген романдарда классикалық үлгі де, публицистика да, интеллектуалдық ой да араласып жүреді. Бірақ бұл үрдісті әлем әдебиеті тұрғысынан қарағанда кемшілік саналмайды. Талқыланып отырған роман классикалық үлгіде басталып, жартылай детективтік сипатқа ие болған. Бұл жазушының өзіндік ерекшелігі деп қарауымызға болады», – деді ол өз сөзінде.
Ақын Тоқтарәлі Таңжарық: «Романда оқиғалар әртүрлі сипатта өрілгенімен, жүйелілік бар. Әртүрлі оқиғаларды қиюластыру, оларды соңына дейін жеткізе білу оңай шаруа емес. Мен романды оқи отырып, детективтік оқиғаларды суреттегенде, диалог құруда кібіртіктеп қалар ма екен деген күдікте болдым. Бірақ қаламгер шиеленісті оқиғаларды жақсы аша білген. Жалпы, қазір детективті көркем шығармаларға қоса білудің өзі кәсібилікті білдіреді. Әлемде көп оқылатын кез келген шығармада детектив, қызықты оқиғалар жүреді. Бұл шығарманы оқытудың әрі оқырман санасына әсер етудің бір тәсілі. Одан қашудың керегі жоқ. Бірақ жалаң оқиғалар құра берсек болды деу қате. Сол жағына абай болу керек. Алда Дарханның бауырын жазып, бұдан да тынысты шығармалар тудырарына сенемін», – деп ой білдірді.
«Бұл роман – киноға сұранып тұрғандығымен тартымды. Бұрын әдебиеттен экранға айналдырсақ, қазір экраннан әдебиетке айналдыру үрдісі бар әлемде. Бұл романнан да соны байқауға болады», – деді ақын Ырысбек Дәбей.
Жас қаламгер Айбол Исламғалиев те романнан алған әсерін айта келіп: «Біз өзіміздің ғана ұлттық мәселелерімізді көтереміз деп, әлемдік биіктіктен көріне алмай қалып жүрмейміз бе?» деген жалпы сауал тастады. Кезекті сөз алған жазушы Дәурен Қуат мырза жауап ретінде: «Әрине, кез келген жақсы еңбектің өзіндік көтеретін жүгі болады. Әлемдік деңгейге жету үшін де ең алдымен өз ұлтының үдесінен шыға білуі керек. Мәселен, әлемге әйгілі Рюноскэ Акутагаваның шығармаларының тіні өзінің жапондары жайлы. Ол жапондардың тұрмыс-тіршілігін, көзқарасын, жан-дүниесін ашу арқылы әлемге танылды.
Қазіргі әлем әдебиетінде экрандық сипат басым екені жасырын емес. Яғни, кез келген роман мен повест, әңгімелер экранға лайықталып жазылады. Аталған романнан да сол үрдісті байқауға болады. Бұл үшін жазушыны кінәлауға да болмайды. Өйткені, қазіргі қоғамның талабы да осыған әкеле жатыр. Сондай-ақ, Дарханның романы жалпы көпшілікке арналған, жеңіл оқылатын шығарма. Біз бұдан қашуға тиіс емеспіз. Біздің жазушылардың көбі өзіне өте қатаң талап қойып, ерекше дүние жасауды армандайды. Бірақ оқырмандарын таба алмай жатады. Дарханның «Қылтұсауы» өзінің оқырманын табарына сенемін», – деген пікір білдірді.
Дәурен Қуат мырза романдағы сюжеттік желінің шымырлығын, оқиғалардың бір-біріне қабаттасып, шынайы әсерге бөлейтінін айта отырып, романда әлі де болса ширататын тұстар болуы мүмкін екендігін де ескертті. Оның пікірінше, шығарманың басты ерекшелігі де оқырманын «Мен де мұндай роман жаза аламын, мұндай оқиғаларды құрастыру қолымнан келеді» деген ойға жетелейтіндігі.
Жас қаламгер Мұхит Мұқаметкерім: «Мен кино-роман деп едім. Өйткені, романда басы артық суреттеулер мен кейіпкерге мінездеме беру жоқ. Кейіпкерлердің характеристикасы оқиғаның өрбу барысында, нақты іс-әрекеттер үстінде көрініп отырады. Әрі романды детективтік роман деуге де келмейді. Оқиғалар барысы камера алдында кезектесіп өтіп жатқан көріністер тізбегі іспеттес. Бұл еңбекті роман дегеннен гөрі жақсы жазылған киносценарий дегеніміз жөн сияқты», – деген өзгеше пікір білдірді.
Жалпы, кеш барысында бұл романды детектив пе, емес пе деген сұрақтар туды. Бір тарап романның детективтік жанрда екенін айтса, екінші тарап толықтай детектив деуге келмейтінін ескертті. Шараға қатысушылар егер жарнамасы жасалып, таралымы көбейер болса, осы сарындас шетелдік шығармаларды оқитын жастардың сұранысына сай келетінін де әңгіме барысында сөз етті. "Біз Сізден бұдан гөрі салмақты, ойландырарлық шығарма күтіп едік" деген жас әдебиетшілер де кезікті.
Ғабит Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков мырза классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің өнегелі өмірі мен шығармаларынан сыр шерте отырып, келген қонақтарға алғысын білдірді. Аталған шараның Ғабеңнің рухы сіңген қасиетті шаңырақта өткізілгеніне қуанышты екенін, басқа да шаралар өткізем дегендерге есігі ашық екенін айтып, ыстық ықыласын көрсетті. Романның авторы Дарқан Бейсенбекұлы да келген қонақтарға ризалық танытып, алғысын айтты. Жиналған қауым «Дидахмет Әшімханұлы атындағы жас қаламгерлердің республикалық шығармашылық бірлестігінің» ұйтқысымен басқа да қаламгерлердің шығармаларын талқылауға ай сайын басқосып тұруға уағдаласып тарқасты.
Нұрсерік Тілеуқабыл