Ақмола облысында экскаватор аударылып, жұмысшы қаза тапты

Қаракөз Амантай 21 ақп. 2026 13:07

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қабанбай ауылы маңындағы карьерде жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ulysmedia ұсынған мәліметке сәйкес, экскаватор су қоймасына аударылып, кабинада болған жүргізуші сыртқа шыға алмай суға кеткен.

Аталған карьерді "Астана Керамика" ЖШС игерген.

"Найза Көкше" өңірлік басылымының жазуынша, бастапқы тексеру барысында қаза тапқан азаматпен де, арнайы техниканың иесімен де бұл компания арасында келісімшарт болмағаны анықталған. Сондай-ақ аталған аумақта құм өндірудің заңдылығы да тексерілмек.

Еңбек инспекциясы жұмыс берушіден бұл жазатайым оқиға туралы ешқандай хабарлама түспегенін мәлімдеді. Қазір оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.

Полиция департаментінің хабарлауынша, 20 ақпан күні сағат 12:40 шамасында Целиноград аудандық полиция бөліміне карьердегі оқиға туралы хабар түскен. 1996 жылы туған жүргізуші экскаватормен саз өндіретін карьердегі суға батып кеткен. Қазір оқиға орнында полиция мен жедел қызметтер жұмыс істеп, техниканы судан шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove