Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын допингке байланысты бір жылға жарыстардан шеттетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шеттету мерзімі кері есеппен 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап жүріп жатыр.
Қабылданған шешімге қарамастан, Әлімханұлы чемпиондық белбеуінен айырылған жоқ. Ол орта салмақтағы WBO чемпионы атағын сақтап қалады.
Жәнібек Әлімханұлы уақытша рингтен шет қалғандықтан, WBO осы кезеңде орта салмақтағы уақытша чемпионды анықтау үшін Дензел Бентли мен Эндри Сааведраға жекпе-жек өткізуге рұқсат берді.
Жәнібек Әлімханұлы жарысқа қайта оралған соң, осы кездесудің жеңімпазымен белбеулерді біріктіру үшін жекпе-жек өткізуге міндетті болады.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсанда Куба боксшысы Эрисланди Ларамен жекпе-жекке шығуы тиіс еді. Алайда кездесу болмайтыны ресми түрде хабарланды. Бұған себеп: қазақстандық боксшының анализінен тыйым салынған препарат табылған.
Кейінірек туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына пікір білдірді.
