«Қазпошта» қаржысының қайда кетіп жатқанын Қазақстандағы орыстілді баспасөз қазбалап қарап, назарынан тыс қалдырмай келеді. Ал, қазақ баспасөзі «Қазпошта» қызметі мен қаржысына бас қатырмайды. Тек анда-санда ұлттық оператор компанияның жаңалықтарын берумен ғана шектеледі. Мұны айтып отырған себебіміз, компанияның 70% пошта бөлімшелері ауылды жерде жұмыс істейді. Демек, компания қызметі мен қаржысы туралы білуге тиісті ең негізгі топ ол – ауыл тұрғындары. Ал, ауыл дегеніңіз, тұнып тұрған қазақ. Біз де бұл материал арқылы «Қазпоштаның» негізгі тұтынушыларын компания төңірегінде айтылып, жазылып жатқан жаңа жобалар мен оған жұмсалып жатқан қаржы жөнінде аз да болса, қазақ тілінде хабардар етуді мақсат тұттық.
«Қазпоштаның» тірегі – тұтынушысы. Жаңа жобаларды қолға алып, пошта қызметін жетілдіріп, заманауи қалыпта жұмыс істеуге қанша күш, қаржы салынса да компания тұтынушыларының көңілінен шыға алмай отырған көрінеді. Мәселен, «Қазақстан шағым кітабы» сайтының статистикасында тұтыншулар тарапынан ең көп шағым түскен компаниялар мен мекемелер ішінде «Қазпошта» үшінші орында тұр. Шағымдардың дені – компания бөлімшелеріндегі қызмет көрсетуге көңіл толмаушылардан келіп түседі екен. Яғни, компанияның қызмет көрсетуі (бұл компанияның негізгі қызмет түрі) сын көтермейді десе болады. Мұның бір себебі, компания бөлімшелеріндегі қарапайым қызметкердің айлық жалақысының тым төмендігі болса керек. Мардымсыз жалақы алатын қызметкерден қандай сапалы әрі уақытылы қызмет күтуге болады?! Мысалы, 2014 жылы Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетова Ақмола облысы, Жарқайың ауданындағы пошта қызметкерлері жалақысының аздығын айта келіп, компания аудандағы 20 пошташының еңбек ақысына 240 мың төлесе, ал олар пошта қызметінің басқа түрін есептемегенде, бір ғана зейнетақы жеткізіп беруден түсетін комиссия арқылы компанияға айына 750 мың теңге пайда әкелетінін айтқан. Сенатор бір ғана аудандағы пошташылардың жағдайын тілге тиек етіп отыр. Сенатордың дерегіне салсақ, компания ауылдық жердегі бөлімшелері арқылы әр көрсетілген қызметінен пайда тауып отыр. Алайда, компания басшылығы ауылдағы пошта қызметі тиімсіз әрі компания шығынға батып отыр деп Үкіметтен 1,7 млрд теңге субсидия сұрады. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің орыс баспасөздеріне берген түсініктемесінде компания ауылдағы пошта қызметіндегі жеткізу, тарату ісінде 4 млрд теңге шығын шегіп отырғандығын айтып, 1,7 млрд теңге субсидия бәрібір шығынды толық жаппайтынын жеткізген. Сонда компанияның ауылдық жерден тауып отырған пайдасы қайда дейсіз ғой. Компания басшысының сөзіне сенсек, мысалы, 2014 жылы компания 2,5 миллиард теңге пайда тауып, оның 2,2 миллиард теңгесін компанияның өндірістік қызметіндегі жұмысшылардың жалақысын көтеруге жұмсаған. «Компания жалақыны көтерсе, қызмет көрсету неге көтерілмеді? Неліктен тұтынушылардан түсетін шағым азаймай отыр?» деген заңды сұрақ туады. Бұл сауалға, әрине, біз жауап бере алмаймыз.
[caption id="attachment_15025" align="alignright" width="350"] «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин[/caption]
Жалақы демекші, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің жалақысы 1,5 млн теңге. Бұдан міндетті салықтарды алып тастағанда төраға қолына 1,2 млн теңге таза еңбекақы алады. Компания қызметкерлері мен басшылары жалақысының айырмашылығын тағы да сол сенатор Жалмағамбетова айтып, «Үкімет бұл мәселені назарына алуы тиіс» деген еді. Ал, Бағдат Мусин өзіне жалақыны Директорлар кеңесі тағайындайтынын түсіндіре келіп, былай деген екен: «Маған жалақыны Директорлар кеңесі тағайындайды. Біз жалақыны азайту туралы ұсыныс айттық. Олар бізге бұдан қанша қаражат үнемделеді деді. Біз есептедік. 0,01% бюджет қаражаты үнемделеді екен. Басшылықтың жалақысын үнемдеп, оны жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге жұмсағаннан ешқандай пайда жоқ». Бір аудандағы 20 пошташының еңбекақысы 240 мың теңге болса, компанияның басқарма басшысының жалақысы 1,2 млн теңге. Айырмашылық көзге ұрып тұр. «Қазпоштаны» Бағдат Мусин жалғыз басқармайтынын ескерсек, басқа дәрежелі басшылар да аз айлық алмайтын сияқты.
Бағдат Мусин бір сөзінде «қызметкерлер жалақысын өсіру үшін компания пайда табу керек» депті. Алайда, компания ауылдық бөлімшелерінің өзінен пайда тауып, оның үстіне Үкіметтен субсидия сұрап отыр. Сонда «Қазпоштаның» қаражаты қайда кетіп жатыр? Әлде, тек басшылардың жалақысына ғана кетіп жатыр ма?.. Әрине, біреудің айлығын санау әбестік шығар, бірақ, «Қазпошта» «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы мемлекетке тиесілі. Ал, «Самұрық- Қазынаның» әр тиыны – мемлекеттікі. Мемлекеттің қаражаты ол – салық төлеушілердің ақшасы.
Жалпы, «Қазпоштаның» ауылдық жердегі бөлімшелері қызметкерлерінің айлығы көлемі айтылып келе жатқанына көп болды. Мәселен, 2012 жылы сол кездегі мәжіліс депутаты Виктор Рогалёв ауыл-аудандағы пошта бөлімшелеріндегі басшы қызметкер 3 мыңнан 20 мың аралығында айлық алатынына қарамастан, әрі басшы, әрі пошташы, әрі тазалықшы болып бірнеше жұмысты қатар істеп отырғанын айтқан. Бұл жағдай қазір де өзгермеген.
Бұл – «Қазпоштаның» бір ғана қыры. Компанияның жаңа жобасы – автоматтандырылған пошта станциясының тиімділігі мен оған жұмсалған қаржы мәселесі өз алдына үлкен бір тақырып. «Радиоточка» сайты осы автоматтандырылған пошта станциясы (постамат) туралы материал жариялап, онда постаматтардың бағасын есептей келіп, бір постаматы орнату құны 26 463 АҚШ доллары ($1 = 153 теңге болған кезде) болатынын жазады. Алайда, «Қазпошта» АҚ баспасөз хатшысы Байрама Азизовтың сайтқа берген түсініктемесінде бір постаматтың бағасы шамамен 11 мыңнан 15 мың АҚШ доллары болатынын айтқан. Баға айырмасын баспасөз қызметі постаматтардың құр өзі ғана 11 мыңнан 15 мың АҚШ доллары тұратынын, ал, қалған ақша әкелу, орнату, қызмет көрсетуге жұмсалатынын түсіндіруге тырысқан. Компания 2015 жылы дәл осындай постаматтардың біреуін 1480 148 АҚШ долларына ($ 1 – 185,5 теңге болған кезде) сатып алуға ниеттеніп отырғанын жазған сайт әлемдегі ешбір компания барлық құрал-жабдықтарымен мұндай бағадағы постамат қоймайтынын жазады. Рас, баға айырмасы анау, енді келіп бір постаматтың бағасының 1480 148 АҚШ доллар болуы шынында да күдік-күмән туғызады. Бұл – бір ғана дереккөзден алып, келтіріп отырған мысал.
Қорыта айтқанда, қарапайым пошта қызметкерлері жалақысының аздығын қызмет көрсетуі төмендеп, шығынға батып жатырмыз деп Үкіметтен субсидия сұрап, соған қарамастан басшылары миллиондап жалақы алып, өте қымбат постаматтар сатып алып жатқанын қалай түсіндіруге болады?.. Жарайды, постаматтар тұтынушы қолайлылығы мен қаржы үнемдеу және жетілген пошта қызметі үшін делік. Бірақ, «бұл жоба қаншалықты зерттеліп, зерделеніп іске қосылды әрі оның нәтижесі қандай болады?» деген сұрақтар басы ашық күйі қалып тұр. Қазақстандағы ноу-хауға құмар ұлттық компаниялар, мемлекеттік мекемелер сияқты «Қазпоштада» жаңалық енгізуге құмар сықылды. Бірақ, «Қазпошта» да, оның жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» да ақша өндірумен айналыспайтынын ескерсек, салмақтың бәрі салық төлеуші мен өскен пошта қызметі тарифтерін тұтынып отырған тұтынушыларға түседі. Бірақ, қызметтік сапасы мен ауылдық жердегі жұмысшылардың жалақысын көтере алмай отырса да, миллиондап айлық алатын және жаңалыққа құмар «Қазпошта» басшылары салық төлеушілер мен тұтынушылардың қалтасын ойлап, бас қатырмайтыны анық.