Бірінші, Қазақстанға Қырғызстаннан қандай көліктер әкелуге болады?
– Қырғызстанның 2014 жылдың 29 мамырынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қосылуына байланысты 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін Қырғызстан Республикасына әкелінген және сонда тіркелген көліктер Кедендік одаққа тиесілі болып саналады. Осылайша, ол көліктерді ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылдың 26 наурызындағы қаулысында көрсетілген техникалық параметрлерге сәйкес болған жағдайда Қазақстанда тіркеуге болады. Нақтырақ айтатын болсақ, көліктің экологиялық Еуро 4 класына сәйкес болуы; бұғатталуға қарсы жүйенің болуы, қауіпсіздік жастығындағы жүйелер мен ISOFIX балалар орындығына арналған бекіткіштер болуы керек. Сонымен қатар, Қырғызстаннан әкелінген көліктерді тіркеген кезде Кеден органдарының құжаттары керек болады. Жоғарыда көрсетілген талаптар сәйкес болмаса, Қырғызстан Республикасында тіркелген көліктерді Қазақстан аумағында тіркеуге болмайды.
Екінші, Қырғызстан аумағына 2014 жылдан кейін әкелінген көліктермен не істеуге болады?
– Қырғызстан аумағына 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін әкелінген көліктердің иесі Қырғызстан аумағында белгіленген кеден төлемдері мен салықтар арасындағы айырмашылықты төлейтін болса, ол көліктер Еуразия экономикалық одағына мүше елдер аумағында қолданылады.
Үшінші, мұндай көліктерді Қазақстанға уақытша әкелуге бола ма?
Қырғызстан аумағына 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін әкелінген көліктерді басқа мемлекеттерге уақытша әкетуге болады. Яғни, ол көліктерді Қырғызстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан адамдар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге кеден бажын, салық және басқа да кеден төлемдерін төлемей-ақ әкете алады. Бірақ ол көліктер Қырғызстанда тіркелуі тиіс. Осыған байланысты бұл көліктер Қазақстанда шетелдік көлік құралдары болып саналады. Бірақ ол көліктің тізгінінде қазақстандық отырса және ол азаматтың Қырғызстанда тұрғылықты жері болмаса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Төртынші, Қазақстанда сенімхат арқылы қырғызстандық нөмірлермен жүруге бола ма?
– Қазақстанда Қырғызстан Республикасының азаматтары тіркеген көліктермен уақытша жүруге болмайды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бар адамдарға бұл көлік құралдарын қолдануға тыйым салынады.
Бесінші, Қырғызстандық нөмірлермен жүрген қазақстандықтарға қандай қауіп төнеді?
– Белгіленген тәртіп бойынша тіркелмеген көлік құралдарын басқарған құқық бұзушыға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-бөлігі бойынша шара ("Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу") қолданылады. Cондай-ақ, ҚР Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Ал көлік құралдары оларды уақытша сақтау қоймасына орналастыру үшін және көлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Мемлекеттік кірістер департаментінің өңірлік қызметкерлеріне жіберіледі.