Дүниежүзілік экономикалық форум (WEF) жариялаған жыл сайынғы Global Risk Report баяндамасында Қазақстан алдағы екі жылда қарулы қақтығыстар қаупі өте жоғары 12 мемлекеттің қатарына жатқызылыпты. Осындай долбар өткенде Мәжіліс қабырғасында да айтылып қалған еді. Бұл қаншалықты шынайы дүние? Бұған Қорғаныс министрлігі жанындағы Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы егжей-тегжей жауап қатты, деп жазады Dalanews.kz.
WEF жариялаған баяндамада алдағы екі жылда қарулы қақтығыстар қаупі өте жоғары аймаққа Қазақстанмен қатар Армения, Кот-д'Ивуар, Эстония, Мали, Румыния, Йемен, Конго, Израиль, Польша, Мысыр және Сауд Арабиясы да жатқызылыпты.
"Дегенмен, бұл болжам даулы әрі нақтылауды қажет етеді. Қазіргі әскери-саяси жағдай, Қазақстанның жүргізіп отырған дипломатиясы және оның ірі инвестициялық жобаларын ескерсек, қарулы қақтығыстар еліміз үшін бірінші кезектегі қауіп болып табылмайды", - деген орталық сарапшылары бұл ретте бірқатар дәлелдерді алға тартады.
Қазақстан: дипломатия және тұрақтылық - халықаралық дипломатиядағы белсенді рөлі
Қазақстан бейбітшілік пен дипломатиялық үдерістерге белсенді қатысушы ретінде танымал. Еліміз Сирия бойынша келіссөздерді қоса алғанда (Астана процесі), халықаралық қақтығыстарда бірнеше рет арағайын мемлекет ретінде әрекет етті. Бұл Қазақстанның бейтарап және тұрақты мемлекет ретіндегі беделін нығайта түседі және оның қақтығыстарға араласудан гөрі, оларды шешуге ұмтылатынын көрсетеді.
Қазақстанның көршілес елдермен аумақтық дауларының жоқтығы
Қазақстанның көршілес елдермен арада територияға қатысты таластары жоқ. Шекараларымыз ресми түрде реттеліп, шегенделген, бұл мемлекетаралық қақтығыстардың ықтималдығын едәуір төмендетеді.
Халықаралық серіктестермен байланыстарды нығайту
Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ және ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдармен белсенді түрде ынтымақтастық орнатқан. Мұндай байланыстар тұрақтылықты нығайтуға және ықтимал қақтығыстардың алдын алуға ықпал етеді.
Экономикалық дипломатия
Жаңа Жібек жолы және Орта дәліз сияқты стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар Қазақстанның аймақтағы экономикалық рөлін нығайтады. Еліміз шетелдік капитал үшін "тыныш айлақ" бола отырып, халықаралық инвесторларды тарту үшін тұрақтылықты сақтауға мүдделі.
WEF болжамдарында тіркелген қателіктер
Global Risk Report баяндамалары пайдалы талдау құралы болғанымен, қарулы қақтығыстар болжамы тұрғысында дөп басып айта бермейтіні бірнеше рет байқалған. Мысалы:
- Ирак соғысы (2003 ж.): WEF болжамдарында геосаяси шиеленіс пен аймақтық тұрақсыздық қаупіне қарамастан, Американың Иракқа басып кіру ықтималдығы жоғары екендігі айтылмады.
Дарфурдағы қақтығыс, Судан (2003 жылдан бастап): Көпжылдық дағдарысқа әкелген этникалық және ресурстық қақтығыстар айтарлықтай қауіп ретінде айқындалмады. - Грузин-Ресей соғысы (2008 ж.): Кавказ ықтимал шиеленіс аймағы ретінде аталғанымен, Оңтүстік Осетия төңірегіндегі жағдайдың нақты ушығу сценарийі болжанбады.
- Араб көктемі (2010–2012 жж.): Аймақтың әлеуметтік-экономикалық проблемалары белгілі болғанына қарамастан, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы ауқымды наразылықтар мен төңкерістер сарапшылар үшін күтпеген жағдай болды.
- Қырым дағдарысы және Украинаның шығысындағы әскери қақтығыс (2014 жылдан бастап): Қырымның Ресейге қосылуы және одан кейінгі Донбасстағы қақтығыс WEF баяндамасында ықтимал сценарий ретінде қарастырылмады.
- Екінші Қарабақ соғысы (2020 ж.): Армения мен Әзірбайжан арасында соғыс қимылдарының қайта басталуы ұзаққа созылған шиеленіске қарамастан WEF үшін күтпеген жағдай болды.
- Эфиопиядағы азаматтық қақтығыс (2020 жылдан бастап): гуманитарлық дағдарысқа ұласқан федералды үкімет пен Тыграй халықтық майданы арасындағы қақтығыс та WEF болжамдарында аталмады.
"Бұл мысалдар Global Risk Report баяндамасының тұрақсыз аймақтардағы қарулы қақтығыстардың ықтималдығын жиі дұрыс бағалай бермейтінін және көбінесе жалпы үрдістерге көбірек назар аударатынын көрсетеді, бұл оның дәлдігі сапасын төмендетеді", - деп тұжырымдайды сарапшылар.
Қорытындылай келе, Global Risk Report баяндамасы әрдайым нақты жағдайды дәл көрсете бермейді және Қазақстан үшін қарулы қақтығыстардың жоғары қаупі туралы болжамы даулы болып табылады. Тарихи тұрақтылық, дипломатиялық белсенділік және Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі, бұған керісінше дәлел. Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық пен бейтараптықтың үлгісі болып қала береді.
"Жоғарыда тізген қателіктер WEF баяндамаларын түпкілікті болжам ретінде емес, талдамалық ресурс ретінде қабылдау керектігін көрсетеді. Қазақстан үшін басымдық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау болып табылады және Астана мұны тәуелсіздік алған сәттен бастап табысты түрде паш етіп келеді", - дейді отандық ведомство сарапшылары.
Анықтама: Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы ҚР Үкіметінің 2008 жылғы қаулысына сәйкес құрылған. Орталық өз қызметі кезеңінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мүддесі үшін 100-ден астам ғылыми, зерттеу жұмыстары мен әдістемелерді; 6 нормативтік құқықтық актінің жобасы, Ұлттық қорғаныс университеті үшін 31 оқу құралын; 46 әскери ұлттық стандартты әзірледі.
Бұған дейін сайтымызда Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum, WEF) жыл сайын жүргізетін сауалнама аясында қарулы қақтығыстар, табиғи апаттар және ақпараттық соғыс 2025 жылғы негізгі жаһандық тәуекелдерге айналатынын болжап отырғанын жазғанбыз.