Қарулы қақтығыстар, табиғи апаттар және ақпараттық соғыс 2025 жылғы негізгі жаһандық тәуекелдерге айналады. Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum, WEF) жыл сайын жүргізетін сауалнама аясында осындай қорытынды шығарылды, деп жазады Dalanews.kz.
Интерфакс-Қазақстан мәліметінше, WEF сауалнамасына қатысқан респонденттердің төрттен бір бөлігі (23%) қарулы қақтығыстар ағымдағы жылғы күтілетін негізгі қауіп-қатерге түрткі болады деп санайды.
Жалған ақпарат немесе фактілерді бұрмалаушылық екінші жыл қатарынан негізгі жаһандық тәуекелдер тізіміне еніп отыр.
Сондай-ақ жаһандық климаттың өзгеруі, әралуан биологиялық түрлердің қысқаруы және экожүйенің бұзылуы сынды экологиялық мәселелер алдағы 10 жылдың көкжиегінде күтілетін негізгі қауіп ретінде аталады.
"Геосаяси шиеленістің артуы, жаһандық сенімнің жойылуы және климаттық дағдарыс жаһандық жүйеге бұрын-соңды болмаған қысымды тудыруда. Өзара келіспеушіліктер мен тәуекелдердің тереңдей түсу жағдайында әлемдік көшбасшылар алдына таңдау тұр: ынтымақтастық пен тұрақтылықты ілгерілету немесе нашарлай түскен тұрақсыздықпен бетпе-бет келу. Бұл арада тігілген бәстің құны бұрынғыдан да жоғары", - деді WEF басқарушы директоры Мирек Дусек.
Өткен жылдың қыркүйек және қазан айларында жүргізілген WEF сауалнамасына 900-ден астам тәуекелдерді басқару сарапшылары, саясаткерлер мен топ-менеджерлер қатысқан.
Дүниежүзілік экономикалық форум Давоста алдағы 20-24 қаңтар аралығында өтеді.