Қытайда тарап кеткен үкіметтік құжаттарда қазақстандықтар туралы да деректер жүр. Бұл туралы шетелдік БАҚ-тар хабарлады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жария болып кеткен құжаттарда қытайлық I-Soon киберқауіпсіздік компаниясы әзірлеген және бүкіл әлемдегі әлеуметтік медиа платформаларына, телекоммуникациялық компанияларға және басқа ұйымдарға бағытталған шпиондық бағдарламалар талқыға түскен. Зерттеушілер бұл операцияларды Қытай үкіметі ұйымдастырды деп күдіктеніп отыр.
Белгісіз біреулер GitHub сайтында Қытай үкіметінің көптеген құжатын жария етіп жіберген. Олар Қытайдың I-Soon әзірлеген шпиондық бағдарламаны пайдаланып шабуылдайтын кибероперацияларды жүргізіп жатқанын көрсетеді дейді тайвандық қауіп-қатерді зерттеушілері.
Зерттеушінің айтуынша, кейбір бағдарламаларда X желісіндегі пайдаланушының электрондық пошта мекенжайы мен телефон нөмірін алуға, нақты уақытта мониторинг жүргізуге, кез келген адамның атынан твиттер жазуға және жеке хабарламаларды оқуға мүмкіндік беретін арнайы функциялар бар.
Сондай-ақ, арам ойлы адамдар нақты уақыт режимінде аппараттық ақпарат, GPS деректері, контактілер, медиа файлдар және аудио жазбалар сияқты әртүрлі құпия ақпаратты ала отырып, Android және iOS құрылғыларына шабуыл жасай алуы мүмкін.
Тарап кеткен деректерде Қазақстанда жұмыс істейтін бірнеше байланыс операторларының құпия деректері де бар.