Мәскеу Қазақстанның қаптама өндірісін Ресей шикізатына тәуелді етуді көздеп отыр деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ойын жүзеге асыру үшін Кремль Еуразиялық одақ аумағында импорттық баж салығын енгізбек. Мұндай жағдайда қазақстандық қаптама өндірушілер үшін керекті шикізатты осы одаққа қосылмаған шет мемлекеттерден сатып алу тиімсіз болмақ.
Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының басшысы Батырбек Әубәкіровтің айтуынша ақпан айында Ресей жағы одаққа кірмейтін елдерден тасымалданар полимер шикізаты үшін 6,5 пайыз көлемінде импорттық баж салығын енгізуді ұсынған.
“Осы шикізаттан ас-суға, жұрт жаппай тұтынатын тауарларға және құрылыс материалына арналған қаптама жасалады. Індет ауа жайылған шақта қаптамаға сұраныс арта түсті”, – дейді ол.
Ал импорттық баж салығын енгізу төңірегіндегі талқылау ақпан айынан бері толастаған жоқ.
“Сенімді дереккөзден анықтағанымдай Мәскеу өз дегеніне жетті. Еуразиялық одақтың экономикалық комиссиясы мұндай салық түрін енгізуді мақұлдаған”, – дейді Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының басшысы.
Әзір бұған байланысты қандай да бір ресми мәлімет берілген жоқ.
Әубәкіровтың айтуынша 2015 жылы қазақстандық қаптама өндірушілер Ресей зауыттарының үгіттеуіне көніп, олардан шикізат сатып алуға сөз байласқан. Алайда оның сапасы сын көтермей шыққан.
“Оның үстіне жеткізу мәселесінде ақау көп болды. Қаптамаға сұраныс артатын көктем, жаз, күз маусымында әлгі зауыттар алдымен ресейлік компанияларға шикізат жеткізіп, бізді екінші кезекке қалдырды. Оның үстіне бағаны аспандатып жіберді”, – дейді Әубәкіров.
Амал жоқ, қазақстандық қаптамашылар шикізатты уақтылы жеткізіп берер әріптесті Швейцария, Сауд Арабиясы, Оң.Корея және Ираннан іздей бастаған. Әубәкіровтың айтуынша Ресейден шалғай жатса да бұлардың шикізаты көршінің тауарына қарағанда әлдеқайда сапалы әрі бағасы да қалта көтерерлік.
“Осының өзінен-ақ бізге Ресеймен жұмыс істеудің өте-мөте тиімсіз екенін көруге болады”, – дейді осы орайда Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының басшысы.
“Ресейдің мұнайхимия зауыттары клинеттен айырылып, табысы ортая бастаған тұста бізді кері қайтарудың амалын іздеп аласұрды. Осы мақсатта одаққа енбейтін елдерден тасымалданар полимер шикізаты үшін 6,5 пайыз көлемінде импорттық баж салығын енгізуді ұсынып Кремльді қолқалауға көшті. Қазір бізді әлгі зауыттардың қорасына әкеп қайта қамамақ…”, – дейді ол.
Импорттық баж салығы енгізілсе қазақстандық қаптамашыларды шикізатпен қамтып отырған шетелдік әріптестер бағаны көтеруге мәжбүр болады. Бұдан отандық өндірушілер шығынға ұшырап, оның орнын толтыру үшін тауар бағасын көтеруге тура келеді.
“Егер қаптаманың құнын көтерсек тиісінше азық-түлік бағасына әсер етеді. Бұл қазіргідей қысылтаяң шақта халықтың қалтасын қағып, инфляцияның өсуіне алып келеді”, – дейді Әубәкіров.
Импорттық баж салығы енгізілгені ресми расталса тауар бағасын көтеруден өзге жол жоқ. Қазақстандық қаптамашылар бағаны бұрынғы деңгейде ұстар болса, жапатармағай банкротқа ұшырайды. Отандық нарықты ресейлік қаптамашылар “отарлайды”.
“Ресейдің осы саладағы солақай шешімінен біз ғана емес, осы одаққа енген Қырғызстан мен Армения да сорлайды”, – деді сөзінің түйінінде Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының басшысы.
…
Аталған жағдай Көкшетаудағы “Новопэк” қаптама компаниясының директоры Рүстем Османовты да алаңдатуда. Айтуынша мұндай салық түрі полимер шикізатын өндіретін ресейлік зауыттарға тиімді, ал қазақстандық қаптамашылар осының кесірінен қып-қызыл шығынға батады.
“Қаптаманың құнын көтере алмаймыз. Бүйтер болсақ Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан өндірушілермен бәсекелесуден қалып, сұранысты жоғалтамыз. Себебі олардың тауары одақ аясындағы импорттық баж салығының талабына бағынбайды, тиісінше бағасы бізге қарағанда көп төмен болады”, – дейді ол.
Ең қызығы Ресей зауыттары аталған елдерге шикізатты Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан бағамен саудалайды екен. Неге десеңіз, бұларда шикізат тасымалдаушылар арасындағы бәсекеге шектеу қойылмаған.
“Саладағы компаниялар құрдымға кетсе, Үкіметтің шағын және орта бизнеске бөлген қырғын қаражаты зая кеткені деп біліңіз. Еуразиялық одақ Ресейдің жекеменшігі сынды. Ресей одақ арқылы өз саясатын іске асыруда. Мұның бәрі соның салдары…” , – дейді Османов.
…
Ресей билігінің Қазақстан экономикасының бағдарына қайшы келетін шешім қабылдауы жалғыз бұл емес.
2018 жылы Мәскеу Еуразиялық одаққа кірмейтін елдерден қант кіргізуге кедендік баж салығын көтеріп жіберді.
Соның кесірінен Қазақстанда қант тапшылығы туындап, өнімді Ресейден сатып алуға тура келді. Бірқатар отандық қант компанияларының жұмысы тұралап қалды.
Былтыр тағы да сол Мәскеудің ұйғарымымен сүт өнімдерінің қауіпсіздігін анықтайтын ережелер енгізілді. Саладағы сарапшылардың пікірінше бұл Қазақстандағы сүт шаруашылығын шарасыз күйге түсірді.
Мәскеу экономиканың шеңберінен шығып, одақтастар елдердің денсаулық, ғылым-білім саласына да тұмсық тыққысы келеді.
Мәскеудің бұл ойын түнеукүні президент Тоқаев тежеп тастаған.
“Аталған салаларды Еуразиялық одақтың қарауына енгізу ұйымның әуел бастағы мақсат-мұратына керағар”, – деген болатын Тоқаев одақтың экономикалық даму бағдары талқыланған жиында.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ