Қазақстанда Ресейге қарағанда 100 есе көп айыппұл төленген: Экономист желідегі мәліметті тексеріп көрді

Кәмшат Тілеухан 25 жел. 2024 12:41 533

"Халқы 140 млн РФ-да бір жылда төленген айыппұлдар сомасы - 1,2 млрд теңге (237,6 млн рубль)! Ал халқы небәрі 20 млн Қазақстанда төленген айыппұлдар сомасы - 120 млрд теңге!". Facebook-тағылардың "Жер астынан жеті қоян тапқандай" шуласып, осы бір мәліметтің бөлісіп жатқанына бір аптаның жүзі болды. "Апам да таң, мен де таң" демекші, жұртты айран-асыр қылған бұл мәліметтің шынайылығын экономист Ғалымжан Айтқазин тексеріп көрді, деп жазады Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл мәліметті жазған адам асығыстық жасаған немесе шынымен де сауатсыз.

"Бұл сұрақты біз де Google-ге салып көрдік. Содан бұл арадағы 237,6 млн деген рубль емес, төленген айыппұлдар саны екенінің куәсі болдық" деп жазады Tengenomika Telegram арнасының авторы.

Осылай деген экономист бәрібір ары қарай цифрларды қазбалап көруді жөн көріпті. Сөйтіп ол 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен РФ-дағы көлік қозғалысы ережелерін бұзғандарға қатысты ашық дерекөздердегі айыппұлдарға салыстырмалы түрде талдау жасайды.

Қазақстанда:

  • жалпы бұзушылықтар: 8,2 млн жағдай.
  • айыппұлдардың жалпы сомасы: 93,3 млрд теңге.
  • бір адамға келетін орташа айыппұл сомасы: 4 665 теңге.

Ресей Федерациясында:

  • жалпы бұзушылықтар237,6 млн жағдай.
  • айыппұлдардың жалпы сомасы: 170,2 млрд рубль (719,1 млрд теңге).
  • бір адамға келетін орташа айыппұл сомасы: 5 136 теңге.

"Яғни, есептей келгенде Ресейдің бір тұрғынына келетін айыппұл сомасы 5 136 теңгені құрайды, бұл - Қазақстандағыдан 10%-ға артық (бір адамға 4 665 теңге) көлем. Бұл көршілес екі елде айыппұлдарды тағайындау тәсілдерінің салыстырмалы түрде ұқсастығын көрсетеді және екі, үш немесе 100 еседен астам айырмашылық туралы бұл арада мүлде сөз жоқ", деп қорытындылайды өз ойын Ғалымжан Айтқазин.

Бұған дейін маман айыппұлдарды оңды-солды бұрқыратқан ІІМ назарын қызықты бір цифрларға бұрған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
Соңғы рейс...
27 жел. 2024 12:15