Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Үлкен Алматы каналының бойындағы автожолда орналасқан пайдаланылмайтын көпірді су шайып кетті. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа көпірдің құрылысы 2026 жылғы 10 шілдеде басталады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әкімдік бұл жағдай облыс басшылығының бақылауында екенін хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, КВ-49 автомобиль жолының 54-шақырымындағы Түрген өзені арқылы өтетін көпір 2024 жылы апатты деп танылған. Осыған байланысты көпірмен көлік қозғалысына шектеу қойылған.
«2026 жылғы 1 шілдеде нөсер жауын-шашын салдарынан Түрген өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, соның салдарынан апатты көпірдің айналасындағы топырақты су шайып кетті», – делінген әкімдік жауабында.
Құрылыс шілде айында басталады?
Әкімдік мәліметінше, апатты көпірді ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаға қажетті қаржы да қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша мердігер ұйым анықталған.
«Мердігер ұйым осы айда құрылыс-монтаж жұмыстарына кіріседі», – деп мәлімдеді Алматы облысының әкімдігі.