Украина тарапынан Ресейдегі ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі – Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл Қазақстанның жанар-жағармай нарығына әсер ете ме деген сауал қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерде Ресейде жанармай тапшылығы күшейсе, Қазақстанда өндірілген бензинге сұраныс артып, ішкі нарықта тапшылық туындауы мүмкін деген пікірлер айтылуда.
Алайда Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, көрші елдегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына кері әсер етпейді.
Оның сөзінше, елімізде мұнай өңдеу қуатын кезең-кезеңімен ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және олардың өндірістік қуатын арттыру арқылы 2032 жылға қарай ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын толық жою жоспарланған. Сонымен қатар жылдық қуаты 10 млн тонна болатын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де қарастырылып жатыр.
Вице-министрдің мәліметінше, жүзеге асырылып жатқан жобалар нәтижесінде автокөлік бензинін өндіру көлемі жылына 5,6 млн тоннадан 9 млн тоннаға, дизель отыны 6,2 млн тоннадан 9,5 млн тоннаға, ал авиаотын өндірісі 0,7 млн тоннадан 1,7 млн тоннаға дейін ұлғаяды. 2033 жылға қарай Қазақстанның жалпы мұнай өңдеу қуаты жылына 40 млн тоннаға жетеді.
Энергетика министрлігі кеңейту жобалары аяқталғаннан кейін Қазақстан ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бензин мен дизель отынын экспорттау мүмкіндігіне де ие болатынын атап өтті.