ҚазМұнайГаз орталық аппаратындағы 50-ге жуық қызметкер қысқартылды

ҚазМұнайГаз орталық аппаратындағы 50-ге жуық қызметкер қысқартылды
ашық дереккөз

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының орталық аппаратында қызметкерлерді оңтайландыру аясында 47 адам қысқартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында компания басқарма төрағасы Асхат Хасенов орталық аппараттағы қызметкерлердің 10%-ы, яғни 47 адам қысқартылғанын мәлімдеді.  

Журналистер қысқартылған қызметкерлерге қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетіні және өтемақы төлеуге қанша қаражат қарастырылғаны туралы сұрақ қойды.

Асхат Хасеновтің айтуынша, барлық рәсімдер еңбек заңнамасы мен еңбек шарттарына сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Барлығы еңбек заңнамасы және нақты еңбек шарттары аясында жүзеге асырылады», – деді компания басшысы.  

Оның сөзінше, оңтайландыру өндірістік бөлімшелерге емес, орталық аппараттың әкімшілік-басқару құрылымына қатысты. Компания бұл өзгерістердің мақсаты басқару тиімділігін арттыру екенін атап өтті.