Павлодар облысында студенттер мен кәсіпорын қызметкерлерінен ақша бопсалады деген күдікпен топ ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен арнайы операциясы барысында бірнеше адам ұсталған.
Арнайы операция Ақсу және Екібастұз қалаларында жүргізілген. Тергеудің алдын ала мәліметінше, күдіктілер азаматтарды қорқытып, жүйелі түрде ақша талап еткен. Зардап шеккендер арасында жоғары оқу орындарының студенттері мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері бар.
Тінту кезінде ақша, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар және іске қатысты өзге де заттай дәлелдер тәркіленді. Сондай-ақ, күдіктілер мінген көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
Полицияның мәліметінше, бопсалау дерегі бойынша қылмыстық істер тіркелген. Барлығы 10 адам полицияға жеткізіліп, олардың төртеуіне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.