«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін жылына 2,4 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жаңа газ кен орындарын игеру және газ өңдеу қуаттарын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
«2030 жылға дейін тауарлық газ өндіру көлемі жылына 2,4 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін өседі. Ал сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін артады», – деді Асхат Хасенов.
Оның мәліметінше, бұл көрсеткіштерге Рожковское, Батыс Прорва және Орталық Өріктау кен орындарын кезең-кезеңімен іске қосу арқылы қол жеткізіледі.
Атап айтқанда, Рожковское кен орнының екінші кезеңі 2028 жылы аяқталып, жылына 700 млн текше метр газ өндіруге мүмкіндік береді. Батыс Прорва жобасының екінші кезеңі 2027 жылы іске қосылып, өндіріс көлемі 920 млн текше метрге дейін ұлғаяды. Ал Ақтөбе облысындағы Орталық Өріктау жобасында 2027 жылы жылына 1 млрд текше метр шикі газ өндіру көзделген.
«Осы жобаларды іске асыру жылына қосымша 2,1 млрд текше метр тауарлық газ және 250 мың тонна сұйытылған газ өндіруге мүмкіндік береді», – деді ұлттық компания басшысы.
Сонымен қатар Асхат Хасенов Жаңаөзенде жылдық қуаты 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатқанын айтты. Кәсіпорынды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қазір бірінші іске қосу кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, негізгі технологиялық модульдерді орнату жалғасуда.
Оның айтуынша, қолданыстағы Қазақ газ өңдеу зауыты да жұмысын жалғастырады. Бұған дейін оны пайдаланудан шығару жоспарланғанымен, жүргізілген техникалық аудиттен кейін зауытты әрі қарай пайдалану туралы шешім қабылданған.
«Зауыттың жұмысын жалғастыру үшін қосымша шикізат көздері зерттелді. Нәтижесінде шамамен 3 млрд текше метр газ әлеуеті анықталды. Оның 2,7 млрд текше метрге жуығы жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытын жүктеуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Үкімет отырысында сондай-ақ жаңа газ қорларын іздеу жұмыстары туралы айтылды. ҚазМұнайГаз Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты», Маңғыстаудағы «Болашақ», сондай-ақ «Жылыой», «Березовский» және Қызылорда облысындағы Шу-Сарысу учаскелерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, ұлттық компания кен орындарын басқаруда жасанды интеллектке негізделген ABAI цифрлық жүйесін енгізуде. Қазір цифрлық егіз технологиясы ҚазМұнайГаз қорының 87%-ын қамтитын 12 ірі кен орнында қолданылып жатыр.
Компанияның болжамынша, бұл технологиялар 2030 жылға дейін қосымша 2,8 млн тонна мұнай мен 500 млн текше метр ілеспе газ өндіруге мүмкіндік береді.