Қазақстанда нақты жалақы өсімі ЖІӨ өсімінен айтарлықтай қалып қоюда - Halyk Finance

Кәмшат Тілеухан 15 мам. 2025 14:49 753

2025 жылдың І-тоқсанында Қазақстандағы нақты айлық жалақы көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2%-ға өсті. Жалақы өсімінің негізгі драйвері – телекоммуникация саласы. Бұл саладағы нақты жалақы өсімі 20 пайызға дейін жетіп, экономиканың басқа бағыттарын шаң қаптырды. Дегенмен, елдегі жалпы жалақы өсімінің қарқыны біршама бәсеңдегені байқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Halyk Finance Талдау орталығыны ұсынған есепте экономикада жалақы мөлшерінің салалар бойынша теңгерімсіздік әлі де айқын байқалатыны баса көрсетілген. Кейбір бағыттарда жалақы артып жатқанымен, енді бірінде керісінше төмендеу тенденциясы жалғасуда.

Нақтылап айтсақ, 2025 жылдың І-тоқсанында жалақы өсімі ауыл шаруашылығында (+7,2%), өнер мен ойын-сауық секторында (+6,1%), сауда (+5,9%), жылжымайтын мүлік операциялары (+4,8%) және өнеркәсіп (+4,4%) салаларында тіркелді.

Есесіне, елдегі маңызды әлеуметтік және өндірістік бағыттарда кері динамика көрініс тапқан: құрылыс саласы қызметкерлерінің нақты жалақысы 7,2%-ға құлдыраса, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің жалақысы тіпті 8,3%-ға төмендепті. Бұл саладағы құлдырау бір жыл бойында жалғасуда. Сонымен қатар, білім беру (-3,0%), денсаулық сақтау (-2,9%) және қонақ үй мен тамақтану қызметтерінде (-4,7%) де нақты табыс төмендеген.

Сондай-ақ есепте жалпы, елдегі нақты жалақының өсу қарқыны соңғы жылдары біршама баяулағаны да айтылады. Мысалы, 2022 жылдың І-тоқсанындағы нақты жалақы өсімі 12,7%-ды құраса, қазір бұл көрсеткіш небәрі 1,2%-ға дейін қысқарған. Бұған, көбінесе номиналды жалақының баяу өсімі себеп болып отыр. Инфляцияның біртіндеп төмендеуі (2022 жылғы 20,3%-дан 2023 жылы 9,8%-ға дейін) 2023 жылдан бастап номиналды жалақының төмендеуін ішінара өтей алғанымен, кейінгі кезеңдерде инфляцияның 8,6% деңгейінде тұрақтануы жалақының нақты индексін бір деңгейде тежеп ұстап тұр.

"Сондай-ақ, жалақының өсу қарқыны елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсімінен едәуір артта қалып отыр. Биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі шамамен 6 пайыз болса, бұл - жалақы өсімінен әлдеқайда жоғары. Осылайша, Қазақстан экономикасының құрылымдық ерекшеліктері мен еңбек өнімділігінің төмендігі жалақы өсімін тежейтін негізгі факторларға айналған. Экономика мен халықтың әл-ауқатын теңестіре дамыту үшін еңбек өнімділігін арттырып, ресурстарды жұмыспен қамту деңгейі жоғары секторларға бағыттау қажет. Бұл – елдің экономикалық дамуын теңгерімді әрі тұрақты етудің бірден-бір жолы", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Арслан Аронов.


Бұған дейін сайтымызда Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтың Қазақстанда жалақы қалай есептелетінін айтқан сұқбатынан үзінді жарияланған болатын

"Біздегі инфляция жұмыс күші ақысы өсімін есептемегенде, бүкіл тауарлар мен қызметтер бағасының өсімі болып табылады" деп ашығын айтты. Яғни, "инфляция болды" дейді де тауарлар, тарифтер, қызметтер бағасы өсе береді, бірақ инфляцияға қарап бізде жалақыны өсірмейді. Есептеуден осы арасын шорт кесіп тастаған біздің "білгіштер", - дейді ол өз сұқбатында. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар