Қазақстанда мұнай мен газды тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Компаниялардан 14 млрд теңгеден астам көлемде залал сомасы өндіріп алынды. Сондай-ақ жалпы сомасы 110 млн теңгені қамтитын 80 айыппұл салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Энергетика министрлігі және оның Атырау мен Қызылорда облыстарындағы мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның өңіраралық басқармалары реттелетін саладағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
"2025 жылдың 9 айында көмірсутек саласындағы мемлекеттік бақылау аясында 100 тексеру іс-шарасы өткізілді, оның ішінде 18 профилактикалық бақылау, 30 жоспардан тыс тексеру, 15 шарттық міндеттемелерді орындау бойынша бақылау және 37 мемлекеттік қызмет көрсету аясындағы рұқсаттық тексеру бар. Нәтижесінде 18 бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді, 80 әкімшілік айыппұл 110 млн теңге сомасында салынды. Сонымен қатар, мұнай мен газды ұтымсыз пайдалану үшін 14 млрд теңгеден астам залал өндірілді. Қазіргі уақытта қосымша 4 млн теңгеге жуық айыппұл мен 2,4 млрд теңге залалды өндіру бойынша материалдар қаралуда", делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Павлодарда экологиялық талапты бұзған кәсіпорынға 28,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салынғанын жазғанбыз.