Павлодарда экологиялық талапты бұзған кәсіпорынға 28,4 млрд теңге айыппұл салынды

Қаракөз Амантай 30 қыр. 2025 10:06

Павлодарда экологиялық талаптарды бұзған "ЭкоӘлем-ПВ" ЖШС-не 28,4 млрд теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Павлодар облысының прокуратурасы хабарлағандай, өңірде бір кәсіпорынға қоқыс қалдықтарын заңсыз көму дерегі бойынша 28,4 млрд теңге айыппұл салынды.

"Табиғат қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманың сақталуына талдау жүргізу барысында рұқсат құжаттарының талаптары бұзылғаны анықталды. Осыған байланысты тексерулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде экологтар "ЭкоАлем-ПВ" ЖШС-нің бекітілген лимиттен артық тұрмыстық қатты қалдықтарды көміп келгенін анықтады. Бұл факті бойынша аталған серіктестік ӘҚБтК-нің 328-бабы 6-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған бапта қалдықтарды белгіленген нормадан артық көму немесе жинақтау жағдайында, көму тарифінің 10 мың пайыздық мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Соның нәтижесінде айыппұл көлемі 28,4 млрд теңгені құрады", – делінген сейсенбі күні таратылған ақпаратта.

Сонымен бірге, апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың айыппұл салу жөніндегі қаулысын өзгеріссіз қалдырғаны аталып өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар