Тегі орыс АҚШ азаматы Буниннің сөзінше, Алматыдағы кеден қызметі оның Қазақстанға кіруіне бес жылға тыйым салынғанын мәлімдеген.
"Маған Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салған. Мұны қазір ғана біліп отырмын" деп жазды Бунин. "Бішкекте бір ай болып (еш қиындықсыз) бүгін кешке Алматыға ұшқанымда, паспорттық бақылауда кері қайтарды.
Оның айтуынша, алдымен паспортын сұрап алып, бір жаққа алып кеткен. Содан 5-10 минут өткенде ұшып келген әуе компаниясының қызметкерлері оның Қазақстанға кіре алмайтынын айтып, Бішкекке билет алып беруге көмек ұсынған. Көп ұзамай паспорттық бақылау қызметінің өкілі келіп, оның Қазақстанға кіруіне бес жылға тыйым салынғанын айтқан.
"Себебін сұрағанымда ол мұны [Қазақстан] сыртқы істер министрлігінен сұрау керек деді. Содан кейін ол менен Қазақстан заңын бұзған-бұзбағанымды сұрады. Мен бұзбағанымды айттым. Ол "Елге кіруге себепсіз тыйым салмайды" деп кетті" деді ол.
"Қазақстан, авторитаризм тозағына бір табан жақындай түсуіңмен құттықтаймын" деп жазды ол жақша ішінде.
Оның сөзінше, осыдан кейін оған не паспорт бақылауында қалып, түрме камерасы секілді бөлмеде болуды, не билет алып, трансфер аймағына өтуді ұсынған.
"Қырғызстанға кіруіме тыйым салып жібермеген болар деп үміттенемін. Бірақ осы оқиғадан кейін өзімді жайсыз сезініп отырмын, [қырғыз билігі] түртіп алар деп күдіктенемін" деп жазды ол. "Бұл жағдайға есеңгіреп қалмасам да, таңғалып отырмын. Себебі менің білуімше, Қазақстанда мұндай прецеденттер көп болмаған (немесе олар Өзбекстандағыдай жария болмаған).
Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда Евгений Бунинді кіргізбей қойған екінші ел атанып отыр. 2019 жылы күзде Өзбекстан да оны кіргізбеген.
Азаттық Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласып, Буниннің Қазақстанға кіруінен не себепті тыйым салынғанын сұрады. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл жөнінде бейхабар екенін, ақпаратты нақтылайтынын айтты. Әзірге жауап болған жоқ.
АҚШ және Ресей елдерінің азаматы Евгений Бунин тілін зерттеумен айналысқан. Өзінің айтуынша, 2018 жылы Қытай билігі оны елден кетуге мәжбүрлеген. Осыдан кейін ол Қазақстанға келіп, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін мәселесін көтерген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы қатарында жұмыс істеп, арызданушылардың сөзін ағылшын тіліне аударумен айналысып жүрген. Ол сондай-ақ, "Шыңжаң құрбандарының дерекқоры" (Xinjiang Victims Database) жобасын бастаған.
Халықаралық қауымдастық Қытай билігі Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман халықтарға қысым көрсетіп отыр дейді. Пекин Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр секілді діні ислам түркі халықтарын жаппай лагерьге қамап, оларды мәжбүрлі еңбекке салған, әйелдерге ұрықсыздандыру отасын жасаған деп айыпталып отыр. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаң лагерлерінде бір миллионнан астам адам отыр деп мәлімдеген. Қытай бұл айыптарды жоққа шығарады, лагерьлерді "кәсіп баулу орталықтары" деп атайды.