«Мәселе зымыран қалдықтарының құлау траекториясының өзгеруінде. Яғни, бұрын олар Жезқазған аумағына құлап келген болса, енді Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданы және Қостанай облысындағы Жангелді аудандарының аумағына құлайтын болады. Барлығы 63 мың гектар жер бөлініп отыр: 22 мыңы Ақтөбе облысында, 41 мыңы Қостанай облысында орналасқан»
– дейді вице-министр.
Оның айтуынша, Ресей төлеген қаражат бюджетке түсіп, кейін сол зымыран құлайтын аумақта тұратын тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешуге жұмсалатын болады.
Естеріңізге салайық, осыдан үш жыл бұрын Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыраны апатқа ұшырап, салдарынан Қазақстан территориясына мыңдаған тонна улы гептил төгілген болатын. Араға бір жыл салмай белгісіз себептермен 140 мыңдай киік қырылып қалды. Қоғам белсенділері, экологтар табиғи апаттың гептилден болғанын айтып дабыл қақса да, билік өкілдері улы заттың табиғатқа мүлдем залалы жоқ екенін айтып, халықты жұбатып келеді.
Дереккөз: sn.kz