Қазақстан қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады

Кәмшат Тілеухан 22 қыр. 2025 09:42

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Goldman Sachs жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық Банкімен ұзақ мерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысының айтуынша, толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады.

Ал Джаред Коэн Goldman Sachs Digital Asset Platform цифрлық қаржы тұғырнамасының тәжірибесіне тоқталды.

Бұған дейін Қазақстанда жоғары технологиялық салаларды дамытуға 1 млрд долларға дейін қаражат жұмсалатыны хабарланған болатын. Қаражат Ұлттық қордан және екінші деңгейдегі банктерден тартылатын болады, бағдарлама Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірленетін болған. Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдету үшін Ұлттық Банкпен бірлесіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру да жоспарлануда.Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады.

Сондай-ақ, президент Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналатынын да айтқан еді.

"Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілмек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай жасалады", - деді Мемлекет басшысы бұл ретте. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар