Alatau city: Қазақстанда алғашқы цифрлық қала бой көтереді

Ақтоты Жапатова 08 қыр. 2025 11:33

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Alatau City жобасының мән-маңызына тоқталып, оны елдің жаңа даму драйверіне айналдыру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Қарқынды өсіп келе жатқан көптеген мемлекетте даму көшінің басында жүретін қалалар инвестициялар мен технологияларды өзіне тартатын полюске айналған. Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жалпыұлттық маңызы бар бұл мегажоба үшін арнайы жер бөлініп, бастапқы жоспарлау жұмыстары аяқталған. Қалаға қажетті инфрақұрылымның негізгі желілері де тартылған.

Сонымен қатар Тоқаев жуырдағы Қытай сапары аясында жасалған келісімдерге тоқталды.

«Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан жетекші компаниялардың бірі Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады», – деді ол.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, енді жобаға мықты институционалдық негіздер қалыптастыру қажет. Осыған орай қалаға арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеу жүктелді. Бұдан бөлек, жарты жылдан аспайтын мерзімде қаланы басқару тәртібі, қаржылық моделі және өзге де тетіктерді айқындайтын жеке заң қабылданатын болады.

«Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті құрал», – деп түсіндірді Тоқаев.

Alatau City еліміздегі алғашқы толық цифрланған қала ретінде Smart City технологияларын енгізуді көздейді. Мұнда заманауи инновациялық шешімдер қолданылады, тіпті тауарлар мен қызметтер үшін криптовалютамен төлеу мүмкіндігі қарастырылмақ.

«Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар