Актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева ауласынан тағы да белгісіз қуыршақ пен өзінің фотосуретін тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесі бұл сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Бейнежазбада қуыршақтың ішінен актрисаның суреті шыққаны көрінеді.
Айгүл Иманбаева мұндай жағдайдың бір жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтып, алаңдаушылығын білдірді.
"Жаудың алыстан келмейтінін жақсы білемін. Мына сұмдықты кеше таптық, 1 жылдан бері әлі жалғасуда. Адамды осыншалықты жек көруге, қызғануға бола ма? Құдайдан неге қорықпайсыңдар?" – деп жазды ол.
Әнші бұл әрекетті кім жасауы мүмкін екенін сезетінін де жеткізді. Алайда ол нақты адамдардың атын атамауды жөн көрген.
"Мұның бәрін кім жасап жатқанына дейін біліп отырмын ғой, жүрек бәрібір де сезеді. Неге өздеріңді, болашақ ұрпақтарыңды ойламайсыздар? Аттарыңды аттап, түстеріңді түстемей-ақ қояйын. 21 ғасырда өмір сүріп жатқан жоқсыздар ма, сендер қай ғасырда қалып кеткенсіздер?" – деді Айгүл Иманбаева.
Өнер иесінің жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік оған қолдау білдіріп жатыр.