Қазақстан кімге және қанша қарыз? — Ұлттық қордағы статистика белгілі болды

Қаракөз Амантай 02 жел. 2024 11:01 1641

2024 жылдың қарашасындағы мәліметке сәйкес, Ұлттық қорда $60,7 млрд бар екені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Buzyq telegram-арнасы Қазақстанның қаржы ахуалын зерттеп, елде қанша ақша бар екенін және әлемге қанша қарыз екенін анықтады. Зерттеуге Ұлттық банктің мамандары Мұрат Еркінәлиев пен Забира Камалдинова атсалысқан.

Дереккөз мәліметінше, Ұлттық қордағы ең жоғары сома 2014 жылы тіркелген. Ол кезде $77,2 млрд жинақталған екен. 

“2024 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша Ұлттық қорда $60,7 млрд сақталған. Бұл – кейінгі ұрпаққа қалатын мұра. Соңғы 10 жылда Ұлттық қордағы қаржы $16,5 млрд-қа азайған. Биыл Ұлттық қордан бюджет қажеттіліктеріне ₸5,6 трлн ($11,2 млрд) бөлінгенімен, қайтарылған қаржы айтарлықтай аз. Бұл мәселе депутаттар талқылауына түскен. Дегенмен Қазақстанға қарыз елдер де бар”, — дейді дереккөз.

Мемлекеттік қарыздың қазіргі жағдайы

Қазақстанның сыртқы мемлекеттік қарызы $12,9 млрд-қа жеткен. 

“Мемлекеттік қарыз сыртқы және ішкі болып екіге бөлінеді. Ішкі қарыз – мемлекеттің қазақстандықтарға берешегі. Ал сыртқы қарыз – шетелдік несие берушілер алдындағы міндеттемелері. Қазіргі сыртқы мемлекеттік қарыз көлемі – $12,9 млрд. Қазақстан қарыздың басым бөлігін Ұлыбритания, Люксембург, Ресей және халықаралық ұйымдардан алған. Алайда басқа мемлекеттер де бізге қарыз. Әрі олардың қарызы біздің қарызымыздан әлдеқайда көп”, — дейді олар.

Айтуларынша, Қазақстанның сыртқы активтері кем дегенде $98,5 млрд-қа тең. Бұл елдің халықаралық қаржылық міндеттемелерін өтей алатынын көрсетеді.

“Ал енді жалпы сыртқы қарызға келсек, оның көлемі – $166,6 млрд. Бірақ мұнда мемлекеттік қарыздан бөлек, банктердің, жеке компаниялардың және басқа ұйымдардың қарыздары кіреді”, — деді олар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар