Қазақстан 2026 жылдан бастап Германияға экспортталатын мұнай көлемін ұлғайтуға ниетті. ГФР-ға ай сайын 130 тоннаға дейін шикізат жөнелту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтың Rosneft Deutschland GmbH бас директоры Йоханес Бремермен кездесуі барысында мәлім болды.
Келіссөздер барысында Қазақстан мұнайын Германияға тасымалдау мәселелері талқыланды. Тараптар өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
"Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу жөніндегі қолданыстағы келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды (Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. ресурсынан). Келісімде мұнай жеткізу көлемін айына 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген", делінеді ұлттық компания хабарламасында.
Сонымен қатар 2024 жылы ҚМГ Қашаған Б.В. ресурсынан, ал 2025 жылы "Теңізшевройл" ЖШС ресурсынан да мұнай жөнелтіле бастағанын айта кеткен жөн.
2025 жылдың тоғыз айында Шведт мұнай өңдеу зауытына экспортталған Қазақстан мұнайының көлемі шамамен 1,5 млн тоннаны құрады.
Айта кетсек, 2025 жылы 2 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ОПЕК-тің бас хатшысы Хайтам әл-Гаисты қабылдап, тараптар әлемдік мұнай нарығының қазіргі жағдайы мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылаған болатын. Президент Қазақстанның ұлттық мүддені қорғауға басымдық бере отырып, мұнай өндіру көлемін біртіндеп ұлғайту жөніндегі ОПЕК+ шешімін қолдайтынын жеткізген.