Алматы мен Алматы облысында жарық бағасы 20%-ға қымбаттайды

Ақтоты Жапатова 16 қыр. 2025 11:44

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның «Энергосбыт» филиалы 2025 жылғы 1 қазаннан бастап электр энергиясының шекті бағасын арттыру жобасын келісуге ұсынды. Бұл туралы компанияның ресми мәлімдемесінде айтылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жаңа тариф жобасы «Қоғамдық маңызы бар нарықтардағы баға белгілеу қағидаларына» және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірленген.

Компания баға өсуінің негізгі себептерін атады:

  • 2025 жылғы 1 тамыздан бастап аймақтық деңгейдегі желілер бойынша электр энергиясын жеткізу тарифі 12,96 теңгеден 14,25 теңгеге/кВтс дейін көтерілді;
  • 2025 жылғы 1 қазаннан бастап өтемдік тариф енгізілмек – 13,99 теңге/кВтс;
  • 2025 жылғы 1 сәуірден бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желілері бойынша тариф 3,66 теңгеден 5,41 теңгеге/кВтс дейін (48%-ға) өсті.

"Қазіргі уақытта жаңа тариф әлі бекітілген жоқ. Өтінім Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Департаментінде қаралуда. Ресми жауап 10 күн ішінде жарияланады", - деді Алатау Жарық Компаниясында.

Ұсынылып отырған шекті тариф (ҚҚС-сыз):

  • Жалпы шекті баға – 38,01 теңге/кВтс.
  • Тұтыну нормалары бойынша:
    • 1-деңгей – 30,39 теңге/кВтс
    • 2-деңгей – 40,32 теңге/кВтс
    • 3-деңгей – 50,40 теңге/кВтс
  • Тұтынушылар топтары бойынша:
    • Тұрмыстық тұтынушылар – 33,60 теңге/кВтс
    • Бейрезиденттік тұтынушылар – 38,01 теңге/кВтс
    • Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғалар – 74,55 теңге/кВтс
    • СЗТ, СЭЗ, АП РК қатысушылары – 38,01 теңге/кВтс

Еске салайық, қазір электр энергиясы үшін шекті тариф (ҚҚС-сыз) - 31,85 теңге. Демек, бұл жоба қабылданған жағдайда Алматы және Алматы облысында жарық бағасы 19,3%-ға қымбаттайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар