Министрлік БЖЗҚ қаражатын тіс емдеуге жұмсауға тыйым салуды ұсынды

Сағыныш Сардарова 16 қыр. 2025 11:05

Денсаулық сақтау министрлігі БЖЗҚ қаражатын тіс емдеуге жұмсауға тыйым салуды ұсынды. Мұндай бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, бұл бастама заңсыз әрекеттерге байланысты ұсынылған.

"Зейнетақы жинағын мақсатсыз пайдалану деректері анықталуына байланысты бұйрық жобасында стоматологиялық қызметтерге (тістерді протездеу, имплантациялау) бір реттік зейнетақы төлемін пайдалану жөніндегі норманы алып тастау көзделеді", – деп жазылған бұйрық жобасы мәтінінде.

Бұйрық жобасын жария талқылау 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бұл дау қайдан басталды?

Бұған дейін "Отбасы банк" тіс емдеуге өтініш беру кезінде БЗЖҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану және құжаттарды қолдан жасау деректері анықталғанын мәлімдеді. Осылайша 15 қыркүйектен бастап 2026 жылғы 15 сәуірге дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды. Банк өкілдері "бұл уақытқа дейін тиімді тетік әзірленеді" деп сендірді.

Ал кеше Атырау облысында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан" қаражатты заңсыз алуға жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленгені белгілі болды.

БЖЗҚ-дан қанша қаржы тіс емдеуге жұмсалған?

2021 жылдан 2025 жылғы 20 тамызға дейін Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек "Стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған.

Соның 222,61 млрд теңгесі ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астанада орналасқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар