Жамбыл облысында кейінгі кезде оқушылар арасында өлім-жітім көбейді. Өңір әкімі Ербол Қарашөкеев осы мәселеге байланысты шұғыл кеңес өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қарашөкеев кімдерге шүйлікті?
Облыс әкімінің пікірінше, жаңа оқу жылы басталғалы бері өңірде кәмелетке толмағандар арасында аса ауыр қылмыстар жиілеп кетуі жағдай ушығып бара жатқанын көрсетеді.
"Сіздерді тыңдасақ, барлық жұмыстар жүріп жатыр, ауқымды шаралар атқарылып жатыр дейсіздер. Бірақ нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Соңғы екі аптада үш қайғылы жағдай болды. Демек сіздердің жұмыс тәсілдеріңіз тиімсіз. Оқушылардың тәрбиесі жөнінде мектеп, ата-ана, қоғам үштігінің өзара бірлескен жұмыстарын басынан қарау керек!" – дей келе облыс әкімі нәтижесіз жұмыстарды сынға алды.
Облыс әкімі аппаратына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке сөгіс, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке сондай-ақ әлеуметтік салаға жауапты Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара қабылдау тапсырылды.
Жамбылдағы криминалдық ахуал
Бұған дейін бас прокурор Берік Асылов қылмыс деңгейі өскен өңірлер қатарында Жамбыл облысын да атаған еді. Өңірде биыл алғашқы айларда қылмыс деңгейі 21%-ға өскені байқалған.
Еске салайық, кеше Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы төбелес оқушының өлімімен аяқталғаны хабарланды.