«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның «Энергосбыт» филиалы 2025 жылғы 1 қазаннан бастап электр энергиясының шекті бағасын арттыру жобасын келісуге ұсынды. Бұл туралы компанияның ресми мәлімдемесінде айтылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жаңа тариф жобасы «Қоғамдық маңызы бар нарықтардағы баға белгілеу қағидаларына» және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірленген.
Компания баға өсуінің негізгі себептерін атады:
- 2025 жылғы 1 тамыздан бастап аймақтық деңгейдегі желілер бойынша электр энергиясын жеткізу тарифі 12,96 теңгеден 14,25 теңгеге/кВтс дейін көтерілді;
- 2025 жылғы 1 қазаннан бастап өтемдік тариф енгізілмек – 13,99 теңге/кВтс;
- 2025 жылғы 1 сәуірден бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желілері бойынша тариф 3,66 теңгеден 5,41 теңгеге/кВтс дейін (48%-ға) өсті.
"Қазіргі уақытта жаңа тариф әлі бекітілген жоқ. Өтінім Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Департаментінде қаралуда. Ресми жауап 10 күн ішінде жарияланады", - деді Алатау Жарық Компаниясында.
Ұсынылып отырған шекті тариф (ҚҚС-сыз):
- Жалпы шекті баға – 38,01 теңге/кВтс.
- Тұтыну нормалары бойынша:
- 1-деңгей – 30,39 теңге/кВтс
- 2-деңгей – 40,32 теңге/кВтс
- 3-деңгей – 50,40 теңге/кВтс
- Тұтынушылар топтары бойынша:
- Тұрмыстық тұтынушылар – 33,60 теңге/кВтс
- Бейрезиденттік тұтынушылар – 38,01 теңге/кВтс
- Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғалар – 74,55 теңге/кВтс
- СЗТ, СЭЗ, АП РК қатысушылары – 38,01 теңге/кВтс
Еске салайық, қазір электр энергиясы үшін шекті тариф (ҚҚС-сыз) - 31,85 теңге. Демек, бұл жоба қабылданған жағдайда Алматы және Алматы облысында жарық бағасы 19,3%-ға қымбаттайды.