Алматы облысындағы Күрті су қоймасы маңында су тапшылығы қаупі әлі де сақталып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қазіргі таңда Күрті су қоймасындағы су көлемі 64 млн текше метр екенін мәлімдеді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38 млн текше метрге аз.
Министрдің айтуынша, су қорының жалпы деңгейі салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, Алматы облысында тәуекел толық жойылмаған.
Сонымен қатар Шу-Талас бассейніндегі су қоймаларының толу деңгейі 81%-ды құрайды. Алайда Қырғызстан аумағындағы Киров және Орто-Токой су қоймаларындағы төмен су деңгейі алаңдаушылық туғызып отыр.
Осыған байланысты 2026 жылға арналған су пайдалану лимиті 1,2 млрд текше метрден 900 млн текше метрге дейін қысқартылған.
Министрдің мәліметінше, Балқаш-Алакөл бассейніндегі су қоймаларының толу деңгейі 97%-ға жеткен. Ал Қапшағай су қоймасы 98%-ға дейін толған.
2026 жылға бекітілген су пайдалану лимиті Алматы облысы үшін 2,1 млрд текше метр, ал Жетісу облысы үшін 1,8 млрд текше метр болып белгіленген.
Арал-Сырдария бассейніндегі ірі су қоймаларының толуы 87%-ды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға жоғары.
Шардара су қоймасы қазіргі уақытта 99%-ға толған.
Қызылорда облысы үшін тұрақты суару лимиті 3,2 млрд текше метр көлемінде бекітілсе, Түркістан облысына 3,8 млрд текше метр су қарастырылған.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазіргі уақытта оңтүстік өңірлердегі ішкі су қоймаларындағы жағдай жалпы тұрақты.
«5 мамырдағы жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 500 млн текше метрге көп», — деді министр.