Қауіпсіздік кеңесі Тоқаевты тырп еткізбеуде. Бірақ бұл мәңгілік емес – саясаткер

Dalanews 20 мам. 2021 10:27 900

Экс-оппозиционер Төлеген Жүкеев Назарбаев төрағалық ететін Қауіпсіздік кеңесі қазіргі президентті тырп еткізбей отыр деп санайды.

Бұл туралы ол "Азаттыққа" берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ерте кезде өзі де осы кеңестің мүшесі болғанын еске алған Жүкеев ол тұста құрылымның құзіреті ақыл-кеңес берумен ғана шектелгенін айтады.

"Оның қазіргі қызметі мен бұрынғы құзіретінің арасындағы алшақтық жер мен көктей. Қауіпсіздік кеңесінің бүгінгі үлгісі Назарбаевқа лайықталып әзірленген, Назарбаевтың төл өнімі іспеттес. Саяси шешім қабылдайтын әрі атқарушы билікке әмірі жүретін құрылымға айналып кетті", – дейді саясаткер.

Қауіпсіздік кеңесі қашанға дейін жасайды?

Жүкеевтің пікірінше мұның бәрі уақытша құбылыс. Себебі мәңгілік ештеңе жоқ. Қауіпсіздік кеңесінің бар немесе жоқ болуы Назарбаевқа байланысты. Назарбаевтың көзі тірі кезде бұл органға ешкім қарсы келмейді.

"Қауіпсіздік кеңесінің бары Назарбаевтың екіұдай күй кешіп, биліктен біржолата кеткісі келмегенін аңғартады. Атқарушы биліктің нақты мүмкіндіктерін уысында ұстап, қоластына топтастырып қойды. Үкімет толықтай сол кісіге бағынады. Тіпті Тоқаевтың өзі министрлерді тағайындау үшін алдымен осы органның алдынан өтуі тиіс", – дейді Жүкеев.

Ал бұл Ата заңғы қайшы келетін, түбірімен қате үрдіс. Сөй деген саясаткер Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің құзіретін кеңейтіп, президенттің адымын аштырмауда деп санайды. Тоқаевтың мемлекеттік іске келгенде тәуелсіз шешім қабылдай алмай, кібіртіктеп жататыны да содан.

"Турасын айтқанда Назарбаев Тоқаевтың құзіретін тарылтып, билігін шектеп отыр. Қажет деп тапса Тоқаев өзі лайық көрген адамды Қаупсіздік кеңесімен ақылдаспай-ақ тағайындай алады. Алайда қазіргі саяси ахуал оған мұндай мүмкіншілік бермеуде", – дейді Төлеген мырза.

Заң бойынша президенттің Қауіпсіздік кеңесін таратып жіберетін құқы бар. Жүкеевтің пайымынша бұл құр қиял ғана. Шынайы өмірден тым-тым алшақ жатқан теория.


"Экс-президенттің құрығы ұзын, ықпалы күшті. Билікті басыбүтін бере салған жоқ. Қауіпсіздік кеңесі Назарбаевтың қас-қабағына қарап шешім шығарады. Барлық жерде "адалдық" антын берген сенімді серіктерін отырғызып қойған. Сондықтан Тоқаев мұндай тәуекелге бара қоймас. Оның үстіне бұл екеуінің арасында ел біле бермейтін өзара уағдаластық, ортақ келісім барын ұмытпауымыз керек", – дейді саясаткер.

Жүкеев Назарбаев биліктен біржолата кетуге жүрексінеді деп есептейді. Өткен отыз жылдан сабақ алған экс-президент ешкімге сенуге болмасына көзі жеткен. Сондықтан "бұл елде жұп билік жоқ" деп үзілді-кесілді мәлімдеген Ерлан Қариннің (Тоқаевтың көмек) сөзімен келіспеуге негіз бар.

"Экс-президент Қауіпсіздік кеңесі арқылы талай мәселені шешіп отыр. Қаласа да, қаламаса да онымен ақылдасу, онымен санасу міндет. Тоқаев Назарбаевқа қарсы келмесі бесенеден белгілі. Одан бұрын заңды белден басатын құқы жоқ. Қауіпсіздік кеңесіне қатысты қабылданған заңнан Тоқаев аттап кете алмайды. Түптеп келгенде бұл жауапкершіліктің бір түрі", – дейді ол.

Жүкеев Тоқаевтың қабілетін жоғары бағалайды. Оны болашаққа жұмыс жасайтын, өз сәтін сабырмен күтетін саясаткер деп санайды. Президентке асығудың қажеті жоқ. Уақыт оның пайдасына жұмыс істеп тұр.


"Назарбаев дәуірінің уақыты таусылуға тақау. Тоқаев мұны түсініп отыр. Сол себептен оның есебі түгел. Барлығы өз бабымен келеріне көзі жеткен. Жалпы қандай өзгеріс болмасын елдің егемендігіне нұқсан келтірмеуін бірінші кезекте ойлауға тиіспіз.

Жұп билік? Бұл жағдай қоғамның сана-сезіміне айтарлықтай әсер етті деп айта алмаймын.

Қауіпсіздік кеңесі құрылмаған күнде Тоқаевтың ескі жүйенің астаң-кестеңін шығарып, түбегейлі реформа жасауы дүдәмалдау дүние еді. Неге? Назарбаевтың билікті ешбір жағдайда тастап кетпесін түсінуіміз керек. Қауіпсіздік кеңесін құра алмаса, Тоқаевтың төбесінен қарайтын басқа бір балама орган жасақтар еді. Оған бұл кісінің қулығы жетеді. Қазіргі президент те қауқарсыз емес. Өзіне берілген билікті пайдаланғысы келсе, ешкім қарсы келмейді", – дейді саясаткер.

...

19 ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткенін Dalanews.kz хабарлаған болатын.

Елбасы сайтының келтірген мәліметінше, отырыс барысында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралып, сондай-ақ шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайдағы әскери құрылым мен Қарулы Күштердің конфигурациясында жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігін атап өтті.


Біз барлық көршімен берік достық қарым-қатынас және жетекші державалармен берік әріптестік орнаттық. Сонымен қатар мықты әскер – ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.

Елбасы бүгінде асимметриялық және гибридті қатерлерді тойтаруға дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери процестерді басқаруды автоматтандыру маңызды мәнге ие болып отырғанын мәлімдеді.

Біздің Қарулы Күштеріміз егемендік пен аумақтық тұтастықты, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті болуы керек. Осының бәрі таяудағы онжылдықта әскерді дамытуды жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс, – деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.

Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін шешу Шекара қызметінің жұмысын және шекараны қорғау әдістерін жетілдіруді ғана емес, сондай-ақ экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздік бағыттарына байланысты жүйелі шараларды талап ететінін атап өтті.


– Шекараны қауіп-қатердің барлық түрлерінен сенімді түрде қорғауды қамтамасыз ету қажет. Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің құрылымы үндестіріліп, бірыңғай стандарттар бойынша жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар біз шекара қауіпсіздігі мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарауымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, елдің аумақтық-кеңістік дамуының басымдықтары шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттермен сәйкес келуі тиіс.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар