Әрине, елімізде жердің асты мен үсті шикізатқа толы десек те, оның да таусылатын күні туады. Цемент өндіру, металлургия және ауыр химия өнеркәсібі сияқты энергияны көп қажет ететін өнеркәсіп орындары қоршаған ортаны ластап, халықтың денсаулығына зиянын тигізеді. Себебі, ауадағы улы заттар, шаң, күкірт диоксиді және азот оксидтері адамның өміріне қауіпті.
Қазақстанда энергия көзінің 50 пайыздан астамы көмірдің үлесіне тиесілі. Ал жаңартылған энергия көзінің жалпы үлесі 5 пайызға да жетпейді. Соның салдарынан еліміз ауаның ластану индексі көрсеткішінде әлем бойынша 64-орында тұр.
Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексінде белгіленген негізгі шараның бірі – үздік қолжетімді технологияларды енгізу, ауа мен судың ластануына жол бермеу, қалдықтардың көлемін азайту және энергия тиімділігін арттыру арқылы парниктік газ шығарымын азайтуға күш салу.
Бүгінде Еуроодақ WECOOP жобасы аясында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) арқылы Қазақстандағы антропогендік ластанудың көлемін қысқартып, тиісті секторларға жасыл инвестиция тарту үшін техникалық көмек көрсететінін жеткізді.
Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссонның айтуынша, Қазақстан өндіріс пен өнімді тұтынудағы энергия тиімділігін арттыруға, жаңартылған энергия көздерін пайдалануға икемделуге, сондай-ақ үздік қолжетімді технологияны енгізу және пайдалану арқылы парниктік газдар шығарымдарын азайтуға толықтай мүмкіндігі бар. Мәселен, елші Қазақстанда жел энергетикасының әлеуеті 2030 жылға қарай он есе жоғарылайтынын қаперге салды. Шын мәнінде, қазір елімізде күн және жел энергиясын өндіретін қуат жеткілікті. Егер шетел тәжірибесіне сүйеніп, нақты жоспар бойынша жұмыс істесек, Қазақстан аймақтағы баламалы энергетиканы дамытуда табиғи көшбасшыға айнала алады. Әрине, жасыл бизнеске қаржылық қолдау жасалса, президент уәде еткендей еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізе алады деп сенеміз. Себебі, Еуроодақ Өкілдігі БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын қолдаушы ретінде Қазақстан және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын осы бағытта арттырып отыр.
«БҰҰ-мен тығыз байланыс орнату арқылы біз Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуға деген ұмтылысын үнемі қолдаймыз. Осы тұрғыда Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды қадағалап, білім алмасуды қамтамасыз етуге бағытталған «Тұрақты дамудың Орталық Азия платформасы» өңірлік бағдарламасын іске қостық. Бұл ЕО-тың аймақтық бағдарламаларының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді», – деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон.
Бүгінде осы ынтымақтастықты қолдау үшін Қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі жұмыс тобы (WGECC) жүйелі түрде жұмыс істейді. Сондай-ақ, бұл жоба ЕО және ТМД елдерінің қатысуымен Қоршаған орта және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық платформасы аясында жүзеге асып келеді. Бұл платформа 2009 жылы Италияның төрағалығымен құрылғанын айта кеткен жөн.
Қазіргі уақытта ЕО-да техникалық ынтымақтастық бойынша жалпы сомасы шамамен 100 миллион еуроны құрайтын су-азық-түлік-энергетика қатынасында суды, энергияны тұрақты пайдалану және қоршаған ортаға деген құрметті арттыратын он бес аймақтық бағдарлама бар. Мұның қатарына климат, су және қоршаған ортаны қорғау бойынша ынтымақтастықты жолға қоятын бастамаларды қолдайтын WECOOP жобасы және Орталық Азиядағы су және энергетика жөніндегі бағдарламасы (CAWEP) да енеді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Орталық Азияда тұрақты энергетикалық байланыстарды құруға бағытталған жаңа аймақтық жоба (SECCA) іске қосылмақшы. Оның аясында Еуропалық Одақтың озық тәжірибесіне сәйкес, Орталық Азияда анағұрлым тұрақты энергетикалық теңгерімге қол жеткізу жөніндегі шараларды ілгерілету жоспарланып отыр.